9.03.2021, 19:31
Қараулар: 307
«ШҮКІР» ДЕУІМІЗ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?!  

«ШҮКІР» ДЕУІМІЗ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?!  

Мамандығым дәрігер, оның ішінде хирург болғасын, алдыма түрлі адам келеді. Әр адам – бір тағдырдың иесі. Әр тағдыр әр түрлі сыналады. Денсаулығымен сыналған жандардың ең үлкен арманы қандай деп ойлайсыз? Жақсы жұмысқа тұру, шетелге бару ма? Әлде басқа адамға өзінің беделді, сыйлы екенін дәлелдеу ме? Жоқ! Олар сау – аман, қалыпты ғұмыр кешсем болды дейді. Басқа армандары жоқ!

 

Ал біздер, дені сау адамдар ше? Уақытымызды өзіміздің басқалардан гөрі артық, мықты, бақытты екенімізді дәлелдеуге кетіріп жүрміз. Аурухана төсегіне таңылған адам ғана оның бәрі бос іс екенін біледі.

 

Түсінгенім, біз барымызға, аман – сау жүргенімізге шүкір етпейді екенбіз. Аман – есен жер басып жүріп, өзімізді әлемдегі ең бақытсыз адам санайтымыз тағы бар.

«Он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тен» деген бар. Бізге берген Аллаһтың нығметтерінің қадірін біліп жүрміз бе?   Нағыз бақыт – зәулім үйде тұру, қымбат көлік міну, атақты, беделді, бай, танымал болу емес екен. Нағыз бақыт — алдыңдағы асыңды қолыңмен алып, шайнап жұтып, қорытып, оны артқы жағыңмен шығара алу. Себебі асын аузына саларға қолы жоқ, жұтайын десе өңеші бітеу, дәретін шығарайын десе арты бітеу, ішегі сыртында жүргендер бар арамызда. Оларға байлықтың құны бес тиын. Оларға мансап – беделі, аты – атағы көмектестей жатыр.

 

Айтайын дегенім, ризығымыз таусылмай, тірі жүрген әр күніміздің қадірін біліп, ақысын беріп жүрейік.   Әңгімені жазған себебім, сіздердей ақіреттік бауырларыма титтей де болса пайда келсін дедім Аллаһтың разылығы үшін.   Осыны жазуға пайдаланған қолым барына Шүкір, оқыған болсаңыз көре алған көздің барына Шүкір деңіз, егер жеткен болса иманды жүрек барына Шүкір деңіз, жетпесе жетпегені үшін жылаңыз, жылай алмасаңыз жылай алмағаныңызға жылаңыз!

 

 

Қасым БИСЕНҒАЛИ,

дәрігер – хирург,

«Хирург күнделігінен…»