9.03.2021, 19:27
Қараулар: 307
ТОҒАНАСТА АЗАН ҮНІ АҢҚЫДЫ

ТОҒАНАСТА АЗАН ҮНІ АҢҚЫДЫ

Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығы Тоғанас ауылындағы мешіттің қаңырап тұрғанына көп болды. Басқа ғимарат бос тұрса да көңілге келеді, ал ел – аман жұрт тынышта мешіттің иесіз, жамағаттың тұрғаны жаныңды ауыртады екен.

Бисенов Қади – өңірімізде Ислам дінінің өркендеуіне, соның ішінде Шолақаңқаты аймағының діни ахуалын тұрақтандыруға көп еңбек сіңірген кісі. Ол ауыл мешітінің имамы болып жүргенде, «Халық түбі Алланың дініне бет бұрады. Елге білімді имамдар келер. Сол кезде мешіт керек болады ғой!» — деп жанталасып, Тоғанас ауылдық мешітінің құжаттарын заңдастырып, шариғаттың бір шамының сөнбей қалуына үлес қосып еді. Қади имам аңсаған ақ күн туды. Тоғанастағы Алланың үйіне қызмет қылуға Орал медресесінің түлегі Қаныбек Құсайынов есімді имам келді. Ауылда азан үні естілді. Жұртшылықтың бұл асыл әуенді, қасиетті Кәләмді естімегеніне он шақты жыл болып еді.

Сырым аудандық орталық мешітінің имамы Әділхан Наурызбай жамағатпен бірге әріптесінің қал – ахуалын біліп, қызметімен құттықтау үшін Шолақаңқаты ауылдық округіне арнайы барды. Округ әкімі Ерлан Журалиевтің қабылдауында болып, дәстүрлі дінді насихаттау жұмыстарына атсалысуға шақырды. Әкімнің мешіттің жұмысын жолға қоюға байланысты өзі сызып – белгілеп отырған бастама – жоспарлары бар екен. Оны да көріп қуанып қалдық. Жорғамен жүрген әкім көп, молдамен жүргені сирек қой!

Тоғанас мешітінің ішінде де болдық. Пеш жағып жылытылады екен. Газ, су кіргізілмепті. Жаңа жылу жүйесі орнатылып, сылақ жұмыстары жасалса, төсеніштері ауыстырылса жарқырап – ақ кетейін деп тұр. Сыртына шарбақ пен алыстан менмұндалайтын мұнара да керек екен! Елдің азаматтары да ауылындағы бір мешіттің жоғын түгендер, десе де, жәрдем қыламын дегендер үшін ауданның бас имамының телефон нөмірін төменге қалдырдық.

Әділхан Наурызбайұлы,

8 705 803 0282 (Whats App)

 Б. ШЕРІМ