9.03.2021, 19:19
Қараулар: 93
Газет «Алтын медаль» алды!

Газет «Алтын медаль» алды!

 Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет театрында республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауының қорытынды шарасы өтті. Шараға идея авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Тұңғыш Президент Н. Назарбаев атындағы қоғамдық қордың директоры Дариға Назарбаева, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты.

Оқырманнан сұрайтын сүйіншіміз бар! Конкурстың «Қайырымдылық тарихы» аталымы бойынша елдегі бұқаралық ақпарат құралдары арасынан Сырым аудандық «SYRYM eli» қоғамдық — саяси газеті жеңімпаз атанды. Редакцияға Д. Назарбаеваның қолы қойылған арнайы диплом мен алтын медаль және «Оқжетпес» емдеу — сауықтыру кешеніне жолдама табыс етілді. Жүлдені газет редакторы Бауыржан Ширмединұлы «Хабар» агенттігінің АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Бекхожиннің қолынан алды.

Әрине, телеарналар тірескен, сайттар сірескен ақпараттық заманда газеттің, оның ішінде ауданның алақандай басылымының республикалық байқауда жеңімпазы болғаны – шынымен де жаңалық! Бұл марапат газетке қайырымдылық жұмыстарымен айналысқаны үшін берілді. Егер оқырмандардың қолдауы, жомарт азаматтардың демеуі болмаса, біз бұл жетістікке жетпес едік. Бауыржан Момышұлының «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» – дегеніндей, бұл марапатты жеке басымызға меншіктей алмаймыз. Газеттің жетістігі — оқырманның, елдің жетістігі. Біз тек мұқтаждардың мұңын жеткіздік, оларға көмектескісі келетін адамдарға көмектестік! Ол көмекті тоқтатпайық, құрметті ағайын!

dav

Батысқазақстандықтардың байқаудағы жетістігі мұнымен шектелмейді. Туған ауылына медициналық пункт, жас мамандар үшін тұрғын үй салып, су құбырын жүргізіп, кіші Отанының көркеюіне өз қалтасынан 32 млн теңге жұмсаған атымтай жомарт Нұрлыбай Жолдыбаев «Туған жер» аталымы бойынша дипломант атанды.

2020 қазанында Жәнібек ауданында болған оқиға елдің есінде шығар. Үш бірдей бауырын жалыннан алып шыққан 16 жасар Дана Өтебаеваның ерлігі баспасөз бетінде жазылды. Дана Өтебаева кеше «Батыл жүрек» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Оған да алтын медаль мен «Оқжетпес» емдеу — сауықтыру кешеніне жолдама табыс етілді.

Шараны негізгі ұйымдастырушысы Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының БҚО бойынша төрайымы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, Дариға Назарбаева жетекшілік еткен конкурс комиссиясына ел бойынша барлығы 667 жоба түскен. Соның 35 — і Батыс Қазақстаннан ұсынылған екен.

 

«SYRYM eli»