9.03.2021, 19:04
Қараулар: 170
АВТОТҰРАҚ КЕРЕК!

АВТОТҰРАҚ КЕРЕК!

Аудандық газеттің редакторы деген міндеттен бөлек, мойынымызда аудандық мәслихат депутаты деген мандат бар. Сондықтан, әріптесіміз Айнагүл Ойшыбаева көтерген балабақша мәселесіне біздің де қосарымыз бар.

«Балдырған» балабақшасы Х. Есенжанов көшесіндегі жолдың бойынша орналасқан. Айналарға жер жоқ, айнала толған ғимарат. Редакция да – балабақшаның аулалас көршісі.

Қазір – пандемия кезі. Бақшаға балалардың қатынауы тоқтатылмаса да, саябырлады. Алайда, Алла амандық берсе, балабақша ауласынан сәбилердің шалқыған шаттық күлкісін, көшені көшіретін шуын қайта еститін күнге де жетеміз.

Нағыз азан – қазан балабақшаның ауласында емес, сыртында болады. Қазір баласын бақшаға жаяу әкелетіндер аз. Көбі, көлігінің тұмсығын таңмен «Балдырғанның» қақпасының алдына тірейді. Кешке тағы сол. Қақпаның алдындағы 4 көлік шақ сиятын аядай автотұрақ кімге жетеді? Таң мен кеште балабақшаға келген көліктер Х. Есенжанов көшесіндегі жолдың іргесіне жайылады. Араларынан бір машина әрең өтеді. Баласын жетектеп, сүйреп бара жатқандардың бірі көліктердің арасына сығылысып, жазым бола ма деп зәреміз зәр түбіне кетіп, редакция терезесінен қарап біз отырамыз.

Бұл нені меңзейді? «Балдырған» балабақшасының ауласының алдына кең автотұрақ керек. Осы айдағы аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Б. Жанболсынов мектепке дейінгі балалар мекемелерінде есепке алу және орындарды бөлу жұмыстары туралы хабарлама жасады. Хабарламадан кейін бөлім басшысына балабақша мәселесі жайында сауал қойдым. Оның біріншісі – Бұлдыртыдағы «Айналайын» балабақшасының жаңа ғимаратының шатырын ауыстыру. Екінші мәселе – Жымпитыдағы «Балдырған» балабақшасының ауласының алдына автотұрақ салу. Соңғы шаруаның білім бөлімінен бөлек, Жымпиты ауылдық округінің әкімдігі мен аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де тікелей қатысы бар.

Сөз сән, салтанат жайында емес, балалар қауіпсіздігі жайында болып отыр. Әуелде, Х. Есенжанов көшесін Абай көшесімен байланыстыратын жаяу жүргіншілер жолын салу туралы ұсыныс айтқанда да, соны ойлағанбыз. Ұсыныс орындалып, жаяулар жолы салынды. Енді автотұрақ салу керек.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

аудандық мәслихат депутаты