9.03.2021, 18:40
Қараулар: 230
АЙША СӘН МЕКТЕБІНДЕ

АЙША СӘН МЕКТЕБІНДЕ

«Қарекет» республикалық қайырымдылық қорының облыстағы бөлімшесінің ұйытқы болуымен Орал қаласындағы «Perfection» сән мектебі суретке түскенді жақсы көретін Айша Есмагулованы фотосессияға арнайы шақырған болатын. Ешқайда шықпайтын, балабақшаға бармайтын, өзіндей құрбыларымен тең қуыршақ ойнамайтын Айша үшін бұл зор қуаныш, үлкен серпіліс, сергіту сәті болды. Үш сағатқа созылған фототүсірілімде қуаныштан оның төбесі көкке жетті. Кішкентай сәбидің суретке түскенде қалай тұру керектігін айтқызбай жасаған қимылдары сән мектебінің мамандарын таң қалдырды. Сән мектебіне Айша Асылбекқызының шынайы суреттері ерекше ұнап, балаларға арналған сән журналына жариялайтындарын айтты.

«Көңіл көңілден су ішеді». Түсірілімнің үш сағаты үш жасар Айшаның күн сайын арпалысқан ауруын өзіне де, анасы Сымбат Жұмабаеваға бір сәтке ұмыттырып, бақытты шақ сыйлаған еді. Сәбиінің қуанышын көрген ана көз жасын тыя алмады.

Айта кетейік, гиршпрунг ауруымен ауыратын Айша Асылбекқызы наурыз айының ортасына Мәскеуге емге шақырылып отыр. Мәскеуден ота жасатуға 6 млн теңге қажет болса, бүгінде 1 млн 700 мың теңге халықтың көмегімен жиналды. Айшаға әлі де көмек керек. Кішкентай періште сәбидің амандығы үшін әрқайсымыз қол ұшын созайық! Айшаның анасы Сымбат Жұмабаеваның Каспий Голд нөмірі: 5169497162747962, 8 7771810963.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА