9.03.2021, 18:32
Қараулар: 86
КІТАПХАНАШЫ АҚМАРАЛ

КІТАПХАНАШЫ АҚМАРАЛ

 

Ертеңгілік ертелетіп, ұзынша бойлы қарындастың қызмет орнына ширақ та нық қадаммен бет алған сәтіне әлденеше рет куә болдым. «Апырмай,күндегісін ертелетіп, қызметіне асығатын қандай мамандық иесі екен… Мұнда бір сыр болғаны. Қалай десекте, мамандығына жан-тәнімен құлай берілген жан екендігі даусыз нәрсе»-деп өзімізше жорамалдадық. «Жылқы малы кісінегенше, адам баласы түсіненіскенше»-дегендей мұның сырына, мән-мағанасына да қанығудың сәті түсті. Әлқиса, сонымен ертелетіп қызмет орнына қарай асығатын кейіпкеріміз-аудан орталығындағы Мұқадес Есламғалиұлы атындағы орталық кітапхананың жоғары санатты кітапханашысы, «Инабат» клубының жетекшісі Ақмарал Мамбетиярова болды. Сөзге сараңдау болса да Ақмаралмен еркін отырып, сыр-сұхбат құра, көңіл тоятындай әңгімеге қанықтық.

Ақмарал 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келіп,Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті 1997 жылы үздік бітіріп, 2000 жылы Ж.Досмухамедов атындағы Орал педагогикалық колледжін аяқтап шыққан. Ал 2001 жылы Батыс Қазақстан мемелекеттік университетінің «Кітапханатану және библиография» бөліміне түсіп, 2005 жылы «Кітапханашы-библиограф» мамандығын алып, алғашқы еңбек жолын Сырым аудандық орталықтандырған кітапхана жүйесінің кітаппен толықтыру бөлімінде редактор қызметінен бастау алды.

  • Бөлімнің негізгі мақсаты кітапханаға оқырмандарды тартуға көбірек көңіл бөлу, жаңадан келген кітаптарды насихаттауға назар аудару десек артық айтқандық болмас. «Кітап дегеніміз-алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ,ой ойлаудан да тиылар едік» деген екен ұлы жазушы Ғ.Мүсірепов. Міне «Кітап -білім бұлағы»-деген қасиетті сөзді есте ұстай отырып,рухани байлығымыздың жұтаңдығына жол бермеуіміз қажет-дейді әңгіме арасында Ақмарал Нажмеденқызы. Иә,жан дүниесі шуаққа толы,әр оқырманның жүрегіне жол таба білетін келбеті көркем, мінезі сабырлы, көңілі шуақ, сөзге сараң, іске жомарт, ақылы-мінезіне сай кітапханашы  Ақмарал Мамбетиярованың өз мамандығының хас шебері екендігіне де жетістігіне қарап қанықтық.

Мәселен ол облыстық Ж.Молдағалиев атындағы  ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Жастар бастамасы-кітапхана болашағы» атты кітапханалық жобалар байқауында «Қашықтықтан қызмет көрсету» атты жобасына қатысып алғыс хатпен марапатталды. Ақмарал өзіндік ізденісі, тәжірибесінің нәтижесінде «Ауыл кітапханалары фестивалінде» кемеңгер ұлы жазушылар Ә.Кекілбаев, М.Есламғалиұлы, Ж,Молдағалиев, Қ.Мырзалиев, Ғ.Мүсірепов тағы басқаларының өмір жолы, шығармасына арналған әдеби шараларының қорытындысында үздіктер қатарынан көрініп өзін нағыз хас шебер мамандық иесі екендігін дәлелдеді.

«Түйсігі бар әрбір адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта» деп Хакім Абай айтқандай кітаптағы құндылықтарды,тарихи әлемді, құпия сырларды оқырмандардың талғамына сәйкесті жатық тілмен, ұқыпты дәлелдей жеткізе білудегі өзіндік тәжірибесі мол Ақмарал Нажмедденқызы осындай жан.
—      Биылғы жылы еліміздегі балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға ынталығын арттыру, яғни қолдау жылы ретінде жарияланғандығы баршаға аян. Бүгінде орталықтандырған кітапхана қорында 50724 дана кітап болса, оқырмандар қатары 2444-ке жеткен. Көңілге жылылық ұялататын, қуантарлық жағдай, кітапханада жастар мен қатар зейнеткерлердің, қариялардың да келуі дер едік. Тіпті оқырмандар арасында құнды пікір, өзіндік ой айта білетін зерек жандар да бар,-дейді жоғары санатты кітапханашы Ақмарал Нажмедденқызы.

Ахмет БАТЫРШИН,
зейнеткер ұстаз,  газеттің штаттан тыс тілшісі