9.03.2021, 18:15
Қараулар: 222
ТАПАНШАЛЫ АРУ

ТАПАНШАЛЫ АРУ

 

Талғамы биік, талапшыл, тапаншалы ару, «Сырым елі» газетінің штаттан тыс тілшісі, полиция майоры Шайзада Жасталапова бүгінде Сырым аудандық полиция бөлімінде азаматтық қару айналымын бақылау тобының инспекторы қызметінде және кадр жұмысын қоса атқарады.  Жеке құрамның барлық ұйымдастыру жұмыстары да іскер, алғыр Шайзада ханымның мойнына артылған. Қолға ұстамақ түгілі көргенде-ақ бойды үрей билейтін  суық қарулармен жұмыс жасау оған түк те емес. Керісінше, қарулар Шайзада ханымнан қорқады.  Құқық қорғау органдарының жұмысы бөріктілерге немесе  төменетектілерге арналған деп бөлінбейді. Полицей арулар форманы сәндік үшін кимейді. Отан алдында  ел тыныштығын  күзетуге ант бердің бе, погон тақтың ба,  тек алға! Нәзікжанды екенін ұмытып, ерге тән мінезділік пен қайраттылық  танытуға тура келеді.

Шайзада – шағырлыойлық. Сол ауылда мектепті бітіріп, кейін Батыс Қазақстан агротехникалық университетінен инженер-механик мамандығын алып шықты. Мектепті де, жоғарғы оқу орнын ерекше үлгідегі аттестатпен, дипломмен тәмамдады. Одан кейін бір жыл өзі студенті болған оқу ордасында мұғалім болды. 2002 жылы бала күнгі арманы орындалып, Орал қалалық ішкі істер басқармасына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмысқа орналасты. Қыздарының бұл ойын әкесі Жасталап пен анасы Зибаш қолдады. Әкесі бұрыннан: «Менің қызыма полицей болған жарасады»,- деп айтады екен. 2003 жылы Шайзада ері Илиястың етегінен ұстап, тұрмыс құрды. Отағасының, отбасының қолдауының арқасында Орал қаласындағы қызметін жалғастыра берді. 2005 жылы кейіпкеріміз облыстық ішкі істер департаментіне әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы болып ауысса, 2010 жылы аудандық полиция бөліміне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып келді. 2012 жылы кадр тобының аға инспекторы болса, қазіргі қызметіне 2016 жылы кірісті.

–   Қазақстан Республикасының 18-ге толған, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, 076 формалы анықтамасы бар, сотты болмаған, қаруды ұстау ережелерін оқып-үйренген адам қару сатып ала алады. Қару алғысы келген азамат бірінші e-gov сайты арқылы өтініш жазады. Жан-жаққа түрлі сұраныстар жіберіліп, оған қару ұстауға болатынына көз жеткізгеннен кейін, арызы қанағаттандырылып, рұқсат қағаз беріледі. Рұқсат қағазбен азаматтар қару дүкеніне барады. Рұқсат қағазы болмаған адамға дүкені қаруды көрсетпейді. Алып келгеннен кейін, тағы да мылтықтың маркасын, номерін, калибрін көрсетіп, қаруды сақтауға рұқсат сұрап, өтінішін қалдырады. Содан кейін қаруға рұқсат куәлігі  беріледі. Мылтығы бар азамат мемлекетке арнайы баж төлейді. Учаскелік полиция инспекторына қару иесінің мекен-жайына барып, тексеріп, көзбен көруге тапсырма беріледі.  Қару қабырғаға немесе еденге бекітілген, қалыңдығы 3 мм-ден кем емес, ішкі құлпы бар сейфте сақталуы керек. Ай сайын иесі жауапкершілікке тартылды ма, жоқ па, бақылауда болады,- дейді өзінің жұмысы жайында Шайзада Жасталапқызы.

Кадрлармен жұмыс та кейіпкеріміздің айтуынша, үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Басқаша айтқанда, тентекті тезге салатын тәрбиеші. Жаңадан келген жас маманға үйретіп, идеологиялық тәрбие беру, бағытқа салып жіберу үшін төзімділік пен табандылық керек. 25 пен 35 жас аралығындағы заңгерлік жоғары білім бар, медициналық тексерістен өткен, соттылығы жоқ, қыздар бойы 165 см-ден, жігіттер 170 см-ден кем болмаса, полиция қызметіне жұмысқа кіре алады.

Штаттан тыс тілшілігі де бар Ш.Жасталапова карантин кезіндегі қойылған блокбекетте тұрған полиция қызметкерлерінің жұмысын жедел хабарлап тұрды. Бүгінде Сырым аудандық полиция бөлімінің әлеуметтік желілердегі парақшасын жүргізіп отыр.

Шайзада ханымның айтуынша, құқық қорғау органында жұмыс жасайтын әйел бірбеткей, әділ, қайсар, алғыр болуы керек. Әріптестерінің айтуына қарағанда, бұл қасиеттердің бәрі де біздің кейіпкеріміздің бойына шоғырланған. Қарумен айналысатын арудың ең жақсы  қасиеті – адамға көмек қолын созуға, барын беруге ұмтылып тұрады екен.

Шайзада Жасталапова мен ері Илиястың үлкен қызы Елдана дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернат кешенінің 11-сыныбында оқыса, екінші қызы Нұрайым Нұр-Сұлтан қаласында №76 лицейдің 8-сыныбында химия-биология бағытында білім алуда. Анасының қызметіне, алғырлығына қатты риза болатын қыздары: «Біздің анамыздың шешпейтін мәселесі жоқ, оның қолынан бәрі келеді» деп анасын марқайтып қояды екен. «Құқық қорғау саласына ауыспағанда, бір оқу орнында докторлық диссертация қорғап отырған болар едім»,- дейді майор күліп.

Келесі жылы Шайзада Жасталапқызы зейнетке шықпақ. Еңбектің, кәсіптің қайнаған шаңырағына келін боп түскен ол зейнетке шықққан соң, кәсіпке бет бұратынын айтады. Аналар мерекесіне орай айта кетейік, Шайзаданың екінші анасы Тойған Мұрадимова – ауданды азық-түлікпен қамтып отырған ел анасы. «Келін қайын ененің топырағынан жаратылады» деген бар, көпшілік Шайзаданы Тойған апаға ұқсатып жатады.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА