1.03.2021, 16:56
Қараулар: 130
 » 
«ТЕНТЕКТІ ТЕЗГЕ САЛАТЫН ТӘЛІМ ИЕСІ»

«ТЕНТЕКТІ ТЕЗГЕ САЛАТЫН ТӘЛІМ ИЕСІ»

ГҮЛНҰР МАҚСОТҚЫЗЫ:
(Жымпиты ауылының тұрғыны)
Көрнекті ақын Мағжан Жұмабаевтың «Алты алаштың баласы бас қосса, төр-мұғалімдікі» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Ұстаздың бала өмірінде ерекше рөл атқаратындығының анық дәлелі бүгінде айқын көрініс тауып отырғандай. Олай дейтінім, мен де мектеп жасындағы үш баланы тәрбиелеп отырған анамын. Былтыр елді жайлаған пандемия кезінде тұңғышым 10-сынып оқушысы болса, бүгінде Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті тәмамдағалы отырған жас түлек.
Ұстаздарының жоғары біліктілігі арқасында қашықтан оқу да ұлыма тестілеуге дайындалуға кедергі бола алмады. Екінші ұлым биыл 6-сыныпқа көшсе, кенже балам былтыр бастауышқа қадам басып, бүгінде 2-сыныпқа көшті. Қай мұғалімге болмасын өз баласынан бөлек, біреудің еркесінің еркелігін көтеріп, тентегін тезге салып отыру оңай шаруа емес. Сол кезде мектепке енді қадам басқан кенже ұлымның ұстазы Лида Нұрмұханованың балалармен тез тіл табысып, санасына білім нәрін құйған ұстазды ерекше атап өтпеске болмас.
Індет өршіген кезде ата-аналар қауымы оған көз жеткізген болар. Оффлайн оқу кезінде үйде отырып мұғалім «анадай болу керек», «мынадай болу керек» деп мұғалімдерге мін таққандар да көп болғаны сөзсіз. Бірақ, онлайн оқуға көшкелі «қолда бар алтынның қадірін білу» керектігін ұғындық. Жасыратыны жоқ, үш балам үш жақтан сабаққа қатысып отырған кезде интернет желісі әлсіреп, қиындықтар туындаған кездер болды. Әйтсе де, соған қарамастан «қашықтан оқу екен» деп басын алып қашпай, керісінше, балаларға білгенін үйретіп, мүмкіндігінше кері байланысқа шығып, оқушыларға сапалы білім алуға мүмкіндік сыйлаған ұстаздар қауымына алғыс білдіргім келеді. Бөліп-жаратыны жоқ, «ұстаз» атаулының бәрі ұлағаты мен қадірлі екенін естен шығармайық!
А.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Сырым ауданы