1.03.2021, 16:06
Қараулар: 157
 » 
«ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ АЛЫП, САЛТ ДӘСТҮРДІ ҰСТАНАМЫН»

«ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ АЛЫП, САЛТ ДӘСТҮРДІ ҰСТАНАМЫН»

ГҮЛНАР БАХМЕТОВА:
(Жымпиты ауылының тұрғыны)
Барын бағалап, сый- қадірін білген елдің келешегі кемел болмақ. Кемел елде күн кешіп жатырған біздің де арманымыз жоқ. Қазақстан-бірлігі мен берекесі айрандай ұйып отырған мемлекет. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы бүгінгі күннің басты ұстанымы болса, болашақтың баянды болуына кепіл, ұлан-ғайыр даладан көптеген ұлыс өкілдері отауын тігіп, Отанын тапты. Менің арғы ата-әжелерім де ертеден Қазан жақтан қоныс аударып, қазақтар арасында «Қазан татарлары» аталып кеткен. Ал өзімнің әкем де анам да Жымпиты жерінде дүниеге келген. Ұрпақтары, біздер де осы жерде өсіп-өніп, тамыр жайып келеміз.
Отбасымызда үйдің үлкені мен, менен кейін 4 бауырым бар. Орта мектепті аудан орталығындағы Қ.Мырзалиев атындағы мектептен білім алып, әрі қарай Орал қаласындағы колледжде шаштараз мамандығын меңгеріп шықтым. Көзімізді ашқалы қазақша тәрбиеленіп, қазақы дәстүрлерді ұстанып келеміз. Ұлтымыз татар болғанмен, қазақтардың ортасында жүріп біте-қайнасып кеттік. Өмірлік жарым Вадим Галиаскаровтың да ұлты-татар. Отағасы екеуміз Роман атты ұл өсіріп, одан немере сүйіп отырмыз. Келініміз де татар ұлтынан. Бірақ, өзім алдыңғы буын әже, аналарымның ізін жалғап, жұма сайын шелпегімді пісіріп, құран оқытып, қазақи дәстүрді ұстанатындықтан келінімді де соған баулыдым. Бүгінде ұлымның жұмыс бабына байланысты бала-келініміз Орал қаласында тұрып жатыр. Өзім алғашында сауда-саттықпен айналыссам, қазіргі таңда орта кәсіп саналатын жеке кәсібімді бастап, шаштараз маманымын. Ойымды қорытындылай келе айтқым келетіні, бала күнімнен отбасымның берген қазақи тәрбиесі мен өскен менің де бауырларымның да араласатын достарымыз біздің өгейсітпей, өз бауырларындай көріп, тай құлындай тебісіп өстік. Менің қазақ халқына сыйластығым да, махаббатым да бөлек. Себебі, Қазақстан-менің Отаным! Қазақ халқына алғысым шексіз!
Айжан АМАНГЕЛДИНА,
Сырым ауданы