1.03.2021, 15:46
Қараулар: 131
БОРАНДА ЖҮРГЕН БАТЫРЛАР

БОРАНДА ЖҮРГЕН БАТЫРЛАР

24 ақпан күні іссапармен Орал қаласына бара жатқанбыз. Жолдың жолағы көрінбейтін ақ түтек боран. Қызылағаш ауылынан аса бере қызметтік «Нивамызды» жол – патрульдік полиция қызметкері тоқтатты. Жолды жауып, соны ескертіп жатқан болар деп шамаладық. Жағдай біз ойлағандай емес екен.

Боран қойсын ба, сол маңдағы көпірдің бетін қармен тегістеп тастапты. Едәуір жылдамдықпен ызғып келе жатқан «Tayota Camrу» көлігі көпірдің үстінен өте бергенде қарға тайып, жиекке соғылуға сәл қалған. Абырой болғанда, тұмсығы темір бағанға жетпей, қалың қарға кептетіліп тоқтаған. Жолға көлденең, қалың қарға «бауырлап жатып алған» көлікті шығару оңай болып па? Күн райы болса мынау. Жолаушыларға көмекке Самара – Шымкент трассасы бойына түнгі кезекшілікке шыққан жол патрульдік полициясының қызметкерлері келген. Полицейлер бізді сол көлікті сүйреп жіберу үшін тоқтатқан екен.

Түсіп жағдайға араластық. Аязға беттері ақ қырауланып кеткен қос полицей жолай өткен көліктерді тоқтатып, бірінен трос – арқан, бірінен күрек сұрап жанталасып жүр. Біресе тізерлей салып, көліктің бауырының қарын аршып, біресе итерісіп, жанашыр болуда. Сағатқа жақын арпалыстан кейін «Tayota Camrу» ақыры қар құрсауынан шықты.

Жұмыстарына адалдығын, жолаушыларға жанашырлығын көрсеткен жігіттердің есім – сойын сұрап алдық. Олар Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны, №171 бортының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Мереке Ғабсатаров пен оның әріптесі, жол патрульдік полициясының инспекторы, полиция аға лейтананты Арман Тоғай екен. Біз әдетте, жол патрульдік полиция қызметкерлерінің қызметтерін сынап – мінеп жатамыз. Бірақ, борандағы батырлар Мереке мен Арман сын сағатта мамандықтық да, адамдықтың да жүгін көтере алатындарын дәлелдегендей.

Ақырған ақ боран мен сақылдаған сары аяздың саябырситын түрі көрінбейді. Жылы үйдегі адамға келіп – кетер ештеңе жоқ – ау, бірақ мынадай ауа – райы жолаушыларға қиын. Түнде жолға шығамыз деп, ажал ауылына аттанып жатқандар жиілеуде. Сақ болайық!

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы