26.02.2021, 12:43
Қараулар: 141
ТІГІНШІ АЙСҰЛУ

ТІГІНШІ АЙСҰЛУ

Замандасымыз Айсұлу Сағидуллина 1998 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Айсұлу бала жастан бері дертті. Орталық нерв жүйесінің зақымдануы деген диагнозы бар. Мен бүгін оқырманға оның дерті жайында емес, еңбекке, өмірге деген құштарлығы жайында айтқым келеді.

 

Айсұлу мектеп бітірген соң, колледжге оқуға түсіп, тігіншілік мамандығын игеріпті. Оның осы кәсіпті әрі қарай меңгеруіне себеп болған бір кісі болса, ол – әлеуметтік қызметкер Бақытгүл Жалмағамбетова. Айсұлу Бақытгүл апасымен бірге қолөнермен айналысып, көрпелер тігіп, сайыстарға қатысып, жүлделер алды.

Айсұлу – тігудің шебері, ал ою — өрнекті ұстазы салып береді.

Бір өкініштісі, жасөспірім 18 жасқа толғаннан кейін, онымен жұмыстану әлеуметтік қызметкердің құзіретіне кірмейді екен. Бірақ, апамыз сонда да Айсұлудың жанынан алыстамай, оны тігу мамандығына машықтандырып, дамытып жатыр. Осы жерде өзінің мейірім – қолдауын қызметімен шектемеген Бақытгүлдей жандарға еріксіз разы боласың.

Бақытгүл Жалмағамбетованың өзі де құрақ көрпе тігіп, қыз жасауын дайындаумен айналысады. Білгенін ауылдың қыздарына үйретуге де уақыт табады. Оларға мата мен жіпті деп өзі алып береді. Қазіргі уақытта, боянып – сылануға, қыдыруға шебер болғанымен, көп арудың қолынан үй шаруасын жасау келе бермейді. Тігіншілік – қыздың бойынан табылуы керек өнердің бірі. Азаматының өңіріндегі түймесін қадап бере алмайтын арулардан қыз тәрбиелейтін ана шығуы мүмкін бе? Бақытгүл апамыз осыны ойлайды, көп қыздарға Айсұлуды үлгі етеді.

  • Айсұлуға жеке оңалту бағдарламасын тағайындау керек. Сол кезде онымен әлеуметтік қызметкер ретінде жұмыстанып, шеберлігін әлі де шыңдай түсер едік. Айсұлу – еңбекқор, қайырымды. Карантин кезінде екеуіміз 50 маска тігіп, ауылдастарға тегін тараттық. – дейді Бақытгүл апай.

 

Назыкеш ТӨЛЕУОВА

 

Редакциядан: Бұл мақаланың авторы – Назыкеш Төлеуованың өзі де өмірдің сынағын төзімімен жеңген тағдырлы жан. Назыкеш біздің ұсынысымызды қабыл алып, газетке мақала жазып тұруға уәде берген еді. Сіздер оның штаттан тыс тілші есебіндегі алғашқы мақаласын оқыдыңыздар. Енді, Айсұлуға келейік. Өмірге деген құштарлықты еңбектен тапқан аруға қолдау керек – ақ. Біздің ойымызша, оны кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, қайтарымсыз грант беріп, Айсұлуға жеке тігін цехын ашуға  көмектесуіміз керек секілді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік беру – «Жұмыспен қамту» бағдарламасының басым бағыты емес пе? Аудандық жұмыспен қамту орталығы не дер екен?