26.02.2021, 12:34
Қараулар: 119
ОҚЫРМАНЫН ЖАН ЖҰМБАҒЫНА БОЙЛАТҚАН…

ОҚЫРМАНЫН ЖАН ЖҰМБАҒЫНА БОЙЛАТҚАН…

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «SYRYM еIі» қоғамдық  саяси газетінің жауапты хатшысы Мүсірбек Айташевпен әуелден сыйлас замандас, сырлас дос едік.  Оның әңгімелері мен мақалалары топтастырылған «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты тұңғыш кітабы мені Мүсірбекке бұрыннан да жақын қылып жібергендей. Олай болуы заңды да. Кітапті оқып алып, тек отырған болмас деп, оқырман ретіндегі ой – пікірімді жазуды жөн көрдім.

 

Адам бойындағы сан түрлі өнер атаулының, білімділіктің шығар көзі, өсер дәні, өсіп даму жолындағы басты шарт — үздіксіз еңбектену,талмай іздену деп білем. Осы ойымды дәлел ретінде бұрынғы «Қайнар», «Қызыл ту» және бүгінгі  «SYRYM еIі» газетінің жауапты хатшысы зейнеткер Мүсірбек Айташевтың еңбек жолын айтуға болады. Радиоқабылдағышын сүйреп жүрген радио қызметкері кейін газеттің жазушысына айналды. Сол жазу Мүсірбекті халқының қадір биігіне жетеледі. Сол жазу Мүсірбекті қарымды қаламгерге айналдырды.

Адамның еркінен тыс болатын табиғи қажетілік пен өсе келе пайда болатын рухани байлықтың көзі — кітап екені ақиқат. Материалдық байлық уақытша өмір сүру қажеттілігінен туындаса, ал рухани байлық бұл мәңгілік таусылмайтын қазына — кітаптан. Әлі сиясы кеппеген «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты кітап – қазынаның қатарын толықтырған құтты туынды. Бұл кітап көкірегі ояу,көзі ашық оқырмандарға жақсылықтың, ізгіліктің уағыз – насихатындай.

Кітапқа пікір айтпас бұрын қазақтың қоғам қайраткері шешен, қазақтың төбе биі, ұлы жүздің Төле биі туралы аңызы есіме түсіп отыр. Жоңғар басқыншылары қазақ жерін жаулап келе жатқанда, жалғыз бір үй көшпей отыра берген.Жоңғар ханы:

—  Анау жалғыз үй неге көшпей, елден қалып қойған? Барып біліңдер! —  деп батырларын жұмсамай ма? Батырлар келсе, көшпеген үй — Төле бидің үйі екен. Жоңғар жауынгерлері:

— Неге үйіңді жықпадың? Көштен неге қалдың? —  дегенде  Төле би:

— Үйімнің шаңырағында қарлығаш ұя салып еді. Сол құс қашан сары ауызбалапандарын қанаттандырып, ұшырғанша, мен ешқайда көшпеймін. Қарлығаш –қасиетті құс,адам баласының досы. Ертеде дүние жүзін топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемесін суға батудан аман алып қалған қарлығаш деген екен.Адам баласына қастандық жасамақ болған, жыланнан да қорғап қалған осы қарлығаш. Мен оның ұясын бұзып,балапандарын өлтіргім келмейді. — деп отыра берген.

Төле бидің осы сөзін естіген Қоңтайшы «Төле би — әулие адам екен, оған тимеңдер!» — деп бұйрық берген. Сөйтіп Төле би «Қарлығаш әулие» атанып кетіпті.

М.Айташевтің «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» атты кітабының атауы да көңілге жылылық сыйлайды. Төле би қастерлеп қорғаған қарлығаш Мүсірбектің жүрегіне ұя салуы тегін емес. Себебі, замандас досымыздың кеуде – қуысы пенделік пасықтықтан, арамдық – қулықтан ада. Дархандығы даладай, аңқаулығы баладай Мүсірбектің жүрегіне ұя салса, қарлыған ұя салсын.

Қарапайым тілмен әр оқырманның жүрегіне жететіндей етіп жазылғанын туынды өңір әдебиетіне қосылған олжа. Кітаптың бірінші бөлімі «Тілшілік тіршілік», екінші бөлімі «Замандар-ай! Адамдар-ай!» үшінші бөлімі «Жүрегіме ұя салған қарлығаш» деп аталады.

Соның ішінде болған оқиға ізімен жазылған естеліктер «Басымнан өткен үш қатер» атты әңгімесі күлдіріп, ойландырады. Автордың өз басынан өткен қатерлі үш оқиға біздің де басымыздан өткен болуы мүмкін. Бірақ, біз де қатерден құтылғанымызға амандық – тәубе болды ма? Соны ойланасың.

«Даладағы атыс» — таза детектив. Оқиғада аудандық ішкі істер бөлімінің азаматтарының өмір мен өлім арасындағы ерлік істері туралы баяндалады. Ерлік көрсеткен полицерлері Ғ.Сәрсеков, «Қызыл жұлдыз» ордені, Ғ.Қобдабаев, Ж.Ғұмаров, А.Жұмажанов, Ғ.Бекташев «Ерлігі үшін» және «Қоғамдық тәртіпті үздік қорғаушы» медалдарымен мараптталды.

Жазушы ақын Жәрдем Тілековтің өмір жолын бір кісідей түгендеп жүр. Ол туралы жазылған материалдары талай тарихшыға азық болары анық. Мүсірбек – сырласудың, сұхбаттасудың, ел ішінен ерекше кейіпкер табудың шебері. Кеңестер одағының төрт дүркін батырымен кездесен жерлес туралы  «Жуковпен кездескен қазақ», аналар жайлы «Өнегелі ана,өнерлі әже» мақалаларын қызыға оқыдым. «Желтоқсан желі тоңдырған тағдыр» және «Тарихи күннің куәгері» әңгімелері 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының ортасында болған куәгер ұстаз Гүлсәуле Жәлекенова мен Жосалы ауылының тұрғыны Раушан Алдиярованың  басынан кешкен оқиғаларын еске алады. «Ұстаздыққа арналған ғажайып ғұмыр» Қ.Мырзалиев атындағы физика пәнінің ұстазы,ҚазақҚСР-і халық ағарту ісінің үздігі еңбек ардагері, Сырым ауданның құрметті азаматы Ким Федяниннің өмір жолы мен ерен еңбегі туралы сыр шерткен. «Аққудың киесі», «Қасқыр соққан келіншек», «Ақтөс», «Жанкешті мысық», «Тылсым күштің иесі» тағы басқа да әңгімелері өте тартымды шыққан.

Кітап уақыттың мәңгілік куәгері, ал оны  оқырмандарға таныстыру менің парызым деп білем. Олай болса жақсы кітаптың бар қазынасын оқырмандар жүрегіне жеткізіп, рухани керегімізге айналдыра білейік.Өткен күннің естеліктерін қойнына құшақтаған жазба байлықтарды оқырмандарға жеткізе білген авторға зор алғысымды білдіремін. Абай атамыздың «Жүрегімнің түбіне терең бойла,Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла!» — дегеніндей, оқырманын өзінің жан жұмбағына бойлатқан қаламгер Мүсірбектің, ақылына мінезі сай сабырлы да салмақты, жеті рет өлшеп бір рет кесетін өз жұмысының майталманы журналист Мүсірбектің еңбегі жана берсін!

 

 

Ахмет БАТЫРШИН,

ардагер – ұстаз,

газеттің штаттан тыс тілшісі