26.02.2021, 11:25
Қараулар: 127
 » 
«ҚҰЖАТСЫЗ ТАЗЫ ҚҰЖАТСЫЗ МЫЛТЫҚ СЕКІЛДІ»

«ҚҰЖАТСЫЗ ТАЗЫ ҚҰЖАТСЫЗ МЫЛТЫҚ СЕКІЛДІ»

ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
        Тазы – орташа ғана бойы бар жүйрік ит. Жүні тықыр, оның есесіне құйрығы мен салпаң құлағының ұшын ұзын шашақты жүн басқан. Басқа аңшы иттерге қарағанда бұлар ақылдырақ, иесіне шын берілген, адамға жұғысқыш, ал өзге иттерге өшпенділеу келеді. Өздері өте батыл әрі орасан жүйрік болады. Тазылар күшті болмайды, бірақ денесі сидам, арық, жеңіл, жүйрік әрі өжет келеді. Олар қуса жетеді де, қашса құтылады. Қоян, түлкі сияқты ұсақ аңды құтқармайды. Айлаға икемділігі сондай, тазылар аяғын сындыру, қайыру, мойнын шығару деген кінәратқа ұрынбайды. Кезінде қазақ жерінде кең таралған тазы иттердің Кеңес өкіметі жылдарында санының күрт кемуі мамандарды алаңдатпай қоймады. Отарлаушылық саясат жергілікті ұлттардың бетбейнесі мен құндылығына зардабын тигізді, осы салқын ит пен тазының тұқымына да тимей қалған жоқ. «Әр кезеңде қазақ жеріне келген бөгде ұлт-ұлыс өкілдерінің өзімен бірге ала келген итімен араласып, будандасқан соң, небір түрлі дүрегей тұқым пайда болып, тазы мен төбеттің тұқымы азып кетті», – дейді кинолог мамандар. Қолда қалай болса солай ұсталған тазылар осылай дүрегейленді, мылтықтың көбірек қолданылуы олардың аңға пайдалану парқын азайтты. Мәселеге ұлтының құндылығын түгендеген саятшы азаматтар араласа бастағаннан кейін ғана еліміздің Алматы облысында, Шығыс және Батыс аймақтарында тазы тұқымын сақтап қалу, қанын жаңғырту шаралары жүре бастады.

«ТАЗЫҒА НАЗАР АУДАРЫЛМАЙ ОТЫР»
Сырым ауданында алғашқылардың бірі болып тазы баптаған азамат – Өлеңті ауылының тұрғыны Рүстем Мағзомовты әңгімеге тарттық.
– Рүстем аға, қазақта тазының орны қандай?
 – Қазақта «Иттің жақсысы – тазы» деген сөз бар. Бұл ата-бабамыздың осы бір тазы тұқымды итті қалай бағалағанын көрсетеді. Оны аз десеңіз, тазыны жеті қазынаның бірі деп, жігіттің жүйрік ат, қыран құспен қатар тұратын үш серігінің біріне балаған. Кезінде бір ауылды асыраған иттің сырттаны саналатын тазы баптау, оның тұқымын көбейту бұрынғы жылдары тоқтап қалып еді. Қазір аз да болса тазының тұқымын сақтап қалу мақсатында біраз танысым еңбек етуде.
– Біздің ауданда тазы ұстаушылар көп пе? Олардың қолында тазының қандай тұқымы бар?
– Жымпитыда 6-7 адам тазы ұстайды. Ал Бұлдырты, Қособа, Көздіғара жақтарында тазылар әуелден бар. Жалпы айтқанда, әр ауылда бірде-екілі тазы кездеседі. Бізде негізінен шашақ тазы көп. Орыстың борзый, ағылшынның грейхаундтары да бар. Бірақ оларды тазы дегеннен гөрі, аңшылық ит десек болады. Тұрқы ұқсағанымен, тегі бөлек. Халық тазыға қызыға бастады дедім ғой. Алайда қызыққан адам күтіп, баптау ісінен қашпаса екен. Себебі бапсыз, қараусыз бұралқы итпен бірге қоқыс аралап тазылар да жүреді. Обал ғой, жүрегің ауырады.

– Тазыны баптау жолы қалай? Аңшылыққа қалай үйретпек керек?

– Тазы иттің ішіндегі адам тәрізді талғампазы, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жануар. Үйретіп, баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жастай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгі біліне бастайды. Үйрету осы шамадан басталады. Оған орынсыз айқайлап, жекуге болмайды. Күшік тазыны алдымен қарғыбауға үйрету керек. Одан кейін жетекке дағдыландырады. Көп жағдайда түлкінің құйрығымен ойнатып, оны ұстауға әдеттендірген абзал. Өйткені құйрықпен ойнаған тазының мойны қатаяды. Алты-жеті айға толған соң тазыға ат қойып, атын миына сіңіру керек. Сол атымен шақырып үйреткен дұрыс. Ең бастысы, иесін тастап, беталды лағып кетпейтін, үнемі иесінің маңында жүретін жағдайға баулыған жөн. Әртүрлі бұйрық беріп (отыр, тұр, жат, жүгір, т.б.), оны мүлтіксіз орындайтын етіп тәрбиелеу қажет. Ол үшін жіңішке қайыс қамшыны пайдаланып, қажет кезде ептеп шықпыртып алған артық етпейді. Осылай баулу он айға жуық жалғасады. Одан соң аңға ауыздандыру басталады. Ол үшін бұрыннан аң ұстап үйренген кәнігі тазыларға қосып жіберіп баулыса, тез үйренеді. Сондай-ақ тазы итті күшігінен бастап мылтықтың дауысына үйретіп, аңның ізіне түсуге машықтандырады. Жалпы, қазақта тазы баулудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дейтұрғанмен малды ауылдың адамы тазыны жасынан малға үйірсек етеді. Бірақ үйреткеннің жөні осы екен деп жас күшікті зорықтырып алуға тағы болмайды.

– Ауданымызда жеті қазынаның осы бір құндылығына қаншалықты көңіл бөлініп отыр?
– Бүгінгі таңда ауданымызда ат спортына көп көңіл бөлініп жүргені баршаға аян. Жылына жоқ дегенде 1-2 ат жарыс, тай жарысы өтіп жатады. Жарыс неғұрлым жиі болған сайын жүйрік тұлпар дайындаушылардың саны артуда. Өкінішке қарай, ауданымызда тазыға назар аударылмай отыр. Ат баптау үйірмесімен қатар тазы баптау өнеріне де арнайы сабақ немесе аудан төңірегінде тазы баптаушылармен бір көрме ұйымдастырылып, ат шаптырғанымыз секілді, тазы жарыстырып тұратын болсақ, жойылып кетуіне сәл-ақ қалған тазыларымызға жастар тарапынан қызығушылық оянып, саны көбейер еді деген ойдамын. Шынымды айтатын болсам, осыдан бес жыл бұрын тазының не екенін білмей жүрдім. Білсем де, түк қызығушылығым болмады. Себебі тазының осындай кереметін көрсетер орта жоқ болды. Содан бір танысымның тазысын көріп, баптауды қолға алдым. Қазір тазы баптап, оны аңға алып шығып, еркін саят құру үшін оның өзіндік жеке куәлігі болуы керек. Аңға тазы алып шыққаның мылтық алып шыққанмен бірдей. Яғни құжатсыз тазы құжатсыз мылтық секілді. Кең далада із кесіп, ит қосып, еңбекпен бір қоян аулап алатын болсаң, тазың тіркелмегені үшін ауқымды айыппұл төлеуіңе тура келеді. Ал құжат жасату тіптен оңай шаруа емес. Көрмелерге шығарып, сарапшылардың алдынан өтуің керек.

ТҮЙІН

Иә, қазақта жылқы мен тазының, қыран құстың қызығы жайлы әңгіме таусылған ба? Сөзді осы жерден қорытындылаған жөн секілді. Саятшылық – көңіл көтеру, бойға күш алу әрі спорт десек, тазы баптау осы саланың сәнін кіргізетін өнер. Осы өнерді өлтірмеудің қамын жасамай болмайды. Тазы спортын дамыту – ұлттық құндылықты құнттаудың жолы. Біздің аудан бұл саланы жатсынбауы, мүмкіндігінше қолдауы керек. ХХІ ғасырда Сырым топырағында саятшылық салтанатын ұстап қалсақ, біздің мықтылығымыз сол болмай ма?

 Батырбек ЖАНБОЛАТОВ