25.02.2021, 12:56
Қараулар: 274
ИНТЕРНЕТ ЖЫРЫ: «ЖЕТЕЙІН ДЕСЕМ ЖЕТЕ АЛМАЙ, ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН БА?»

ИНТЕРНЕТ ЖЫРЫ: «ЖЕТЕЙІН ДЕСЕМ ЖЕТЕ АЛМАЙ, ЖҮРГЕН ЖОҚПЫН БА?»

Бұлдырты ауылдық округіндегі әкімдердің есептік жиналысы. Округ әкімі Ерлан Мақашев баяндама жасап жатыр:

  • Бүгінгі таңда 133 оқушы қашықтықтан оқып жатыр. Оқушылар үшін интернетке қосылу қиындық туғызуда. Бұлдырты ауылына көп талшықты интернет қосылғалы, оны 75 үй пайдалануда. Бұдан бөлек, 50 – ден аса тұрғын өтінім берген. Алайда, «Қазақтелеком» АҚ осы күнге дейін үйлерге интернет қосу жұмыстарын жүргізбей отыр. – деді әкім.
  • Әкім айтса айтқандай, бұлдыртылықтар үйлеріне ғаламтор желісін тегін болса бір жөн, ақшасын төлеп тарқыза алмай отыр. Осы мәселе жиналыстың басты тақырыбына айналып, ауыл тұрғындары Болат Тасқалиев, Болат Бақтияров, Жеңіс Қоғабаевтар сөз сөйледі. Олардың айтуларынша, «Қазақтелеком» халықтың өтінішін қанағаттандырмай отыр, үйге ғаламтор қосу жайлы жазылған арыздың көбі «хабарсыз кеткен».

Сол жиналыста «Қазақтелеком» Сырым аудандық телекоммуникациялар торабының желілік – техникалық учаскесінің бастығы Абат Жұма да болды. Қызметтеріне қатысты халық айтқан сынды өз құлағымен естіді. Мәселе айтқан тұрғындардың аты – жөндерін жазып алып, орталыққа барып анықтап, нақты хабарын беруге уәде етті.

  • Бұлдырты ауылы бойынша 13 порт бос тұр. – деді Абат мырза сөзінде.

Демек, 13 үйді интернетке қосуға мүмкіндік бар. Ал, ауылдық округ әкімі 50 шақты үй ғаламторға қол жеткізе алмай отырғанын айтты. 50 үйдің баласы қашықтан білім алу уақытында дені дұрыс ғаламторға қол жеткізе алмай қиналуда, ал мына жақта 13 порт бос тұр. Не істеп тұр? – деген орынды сауал туады.

Сөйтсек, «Қазақтелекомның» интернетін күте – күте шаршаған тұрғындар Жымпитыда да жетеді екен. Оны әлеуметтік желі арқылы білдік.  Facebook – тағы жеке парақшамызға: Араларыңызда «Қазақтелекомға» үйге интернет тарту туралы өтініш беріп, алайда өтініші қанағаттандырылмағандар бар ма? – деп жазған едік, халықтың пікірі саулай жөнелді.

  • Ауданның қақ ортасында отырып, бір жыл болды интернет қоюға өтініш жазғанымызға. Әлі де шешімін таппай отыр. – деп жазды Жанаргүл Кәрімғалиева есімді желі қолданушысы. Бұл – бір мысал ғана, осындай пікірлер баршылық.

Жұрт «Қазақтелекомды» күтіп жүр. Ал, «Қазақтелеком» кімді күтіп жүр? Бұлдырты жиналысында аяқталмай қалған әңгіме, желідегі пікірлер және жаңағы сауалдар бізді «Қазақтелеком» АҚ Сырым аудандық телекоммуникациялар торабының кеңсесіне бастап барды. Алдымыздан мекеменің бас маманы Әділбек Иманғалиев ізетпен қарсы алды. Халықтың арыз – өтініші осы бөлімде қабылданады екен.

  • Өтініштерді қабылдаймыз. Бірақ, келген тұрғындарға үйлеріне интернет тартуға мүмкіндіктің бар – жоғын бірден айтамыз. Шынын айту керек, көп жағдайда техникалық мүмкіндік бола бермейді.- деді Әділбек Иманғалиев.

Бас маман бізді тұтынушыларға ұсынатын қызметтер пакетімен таныстырды. Халық көбіне «Қазақтелеком» АҚ – ның «Super телефон Mob1» қызметін таңдайды екен. Айына 1499 теңге абоненттік төлем алатын бұл қызметтің ішіне үй телефоны, Altel және Tele2 немесе тұрғылықты мекеннің мүмкіндігіне қарай Activ, Kcell ұялы байланыс операторларының SIM карталары кіреді екен. Ұялы операторлар мен үйдегі телефон арасындағы сөйлесулер — тегін. Карталардың ішінде 8 Gb интернет, басқа байланыс операторларына 80 минут, 50 SMS бар.

Интернет қызметі топтастырылған пакеттің құны айына 3499 теңге тұрады. Бұл — жылдық келісімшарт иелеріне арналған құн. Келісімшарт 3 жылға жасалса, пакет тағы 1500 теңгеге арзандайды. Бұл қызметте стационарлы телефон арқылы ҚР аумағына сөйлесу тегін. Altel және Tele2 ұялы байланыс операторларының SIM карталары және интернет желісі қосылған. Интернет жылдамдығы — 4 мбит. Үш жылдық келісімшарт иелерінің ғаламторы сәйкесінше одан да «жүйрік» бола түседі. Шамамен, 8 бен 12 мбиттің аралығында.

«Silver3M» пакетінің де параметрлері осындай. Үй телефонымен ҚР аумағында тегін сөйлесесіз, ұялы байланыс карталары — шектеусіз. Тек интернетті 12 мегабит жылдамдықпен аласыз. Құны – айына 5499 теңге. Ал, абоненттік төлемі айына 4999  теңгені құрайтын «Silver3T» пакетінде екі ұялы байланыс операторының SIM картасының орынына 130 арнаны қамтитын TV қызметі ұсынылады. «BLACK3» пакеті «Silver3T» — дан қымбат. 6499 теңге. Есесіне, шектеусіз ұялы байланыс карталары мен TV қызметі бірге тұтынасыз. Пакеттің «төресі»  — «ULTRA» екен. 7999 теңгеге әрқайсысында 15 Gb интернет қуаты бар екі ұялы байланыс желісінің SIM карталары мен 160 арнаны сапалы көрсететін TV қызметін аласыз.

  • Халыққа осы пакеттерді ұсынамыз. Мен өз ұсынысымды айтамын, тұтынушы өз таңдауын жасайды. Пакеттер әуелі қызметін көрсетеді, халық ақысын кейін төлейді. Шарт жасасуға болмаса, басқалай кеңсеге келудің қажеті жоқ.Басқа қызмет түріну ауысу, айыру, қосу сияқты өтініштер онлайн режимінде орындала береді. – дейді бас маман Әділбек Иманғалиев.

Біз маманның кеңесімен, «Қазақтелеком» ұсынатын қызметтерді таныстырып өттік. Бір – жақсысы акционерлік қоғам керемет пакеттерді ыңғайлы бағада ұсынып отыр. Бір жаманы – бұл қызмет Сырым ауданының барлық аумағына қолжетімді емес. Неге? Жауап біреу: Техникалық мүмкіндік жоқ!

Неге техникалық мүмкіндік жоқ? Оған қалай қол жеткіземіз? Осы сұрақтармен аудандық телекоммуникациялар торабының желілік – техникалық учаскесінің бастығы Абат Жұманың (суретте) қабылдауына кірдік.

Абат Жұманың айтуынша, Сырым ауданында 1118 абонент телефон желісіне қосылған. Осылардың ішінде, 607 абонент телефонмен қоса интернет желісін пайдаланады. 291 нысан байланыс желісін терминал арқылы әуеден тұтынады. Олардың ішінде 154 терминал интернет қызметін де қоса тұтынады. Дардай аудан үшін бұл жеткілікті көрсеткіш емес.

«Ұялы телефон бар ғой. Сол жетеді!» — деп соңғы жылдары көп үй стационарлы телефонның қызметінен бас тартқан еді. Дегенмен, қашықтан қызмет ету мен онлайн білім алу режиміне көшкеннен кейін, мобильді интернеттен гөрі, үйге ғаламтор желісін тартқан тиімді болды. Содан, сұраныс қайта басталды. Бірақ, бос порт болмауына байланысты көп өтініш қанағаттандырылмады.

Осы жерде, «Қазақтелеком» АҚ Сырым аудандық телекоммуникациялар торабының да бос отырмағанын, мүмкіндігінше халық сұранысын шешуге амал жасағанын айту – парыз.

  • 2020 жылы торапты екі мәрте кеңейттік. Яғни, 64 порттық екі плата іске қосылды. 128 абонентке интернет жеткізу мүмкіндігіне ие болдық. — дейді желілік – техникалық учаскесінің бастығы Абат Жұма. Бұдан бөлек, аудандық торап оптикалық талшықты желімен былтыр Қоңыр, Қосарал ауылдарындағы станцияларға интернет жеткізген. Бұл игілік барлық ауылға жетсе игі.

Сырым ауданындағы телекоммуникациялар торабының станциясы 15 платаға есептелген. Қазір  таңда әрқайсысы 64 порттық 11 нүкте жұмыс жасап тұр. Демек, 4 плата бос тұр. Егер, осы нүктелерді іске қосса, Сырым ауданы бойынша тағы 256 абонентті интернетке қосуға болады. Тораптан алған ақпаратқа сүйенсек, 2020 жылы Сырым ауданы бойынша 190 тұрғын үйіне интернет қосуға өтініш берген.

Үш мәселе бар. Бірінші мәселе — станция толық қуатпен жұмыс істей ала ма, жоқ па? Себебі, тұтыну көбейген сайын арнадағы ғаламтор да сығымдалады. Сығымдалу оның жылдамдығы мен сапасына кері әсер етері анық. Екінші мәселе – қосымша платаларды іске қосуға «Қазақтелеком» АҚ аудандағы торабының дербес билігі бар ма? Әлде Ақтөбе қаласындағы Батыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының «қас — қабағына» қарай ма? Ақтөбедегі дирекция Сырым ауданындағы ахуалды сезіп – біле ме, бас ауырта ма? Үшінші мәселе – осы.

Байқауымызша қазіргі таңда телекоммуникация желісін тарту үшін көше – көшеге бағана жүргізіп, кабель тарту қалған секілді. Оларды жөндеу де жүзеге асырылып жатқан жоқ. Біз түсінсек, байланыс желісі болашақта түгелдей әуе арқылы таратылады. Ол жұмыс қазірдің өзінде іске асып жатыр. «Қазақтелеком» АҚ Сырым аудандық телекоммуникациялар торабы Altel ұялы байланысы тараған радиустағы нысандарға роутерлер арқылы сапалы интернет жеткізуге мүмкіндік бар дейді. Ал, Аltel – дің әлі тек Жымпитыға жетіп тұр.

Хош, сырымдықтар жермен келсе де, аспаннан келсе де, үйге интернет желісі келсе екен деп жүр. «Инекеңнің» жүрісі мынау. Тағдыры порт пен ұялы байланыс операторына байлаулы. Осындай да Досымжан Таңатаров айтатын «Әдемі — ау» әні еске түседі. Сол әннің «Жетейін десем жете алмай, жүрген жоқпын ба?» — дейтін жері бар. Осы жолдар біздің аудандағы интернеттің жырымен үндеседі. «Жетейін десе де, жете алмай жүр!»

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы