24.02.2021, 18:56
Қараулар: 213
«БАР ЗАҢНЫҢ ПАЙДАСЫН КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ!»

«БАР ЗАҢНЫҢ ПАЙДАСЫН КӨРЕ АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ!»

Осыдан бес жыл шамасында ауыл малын тұқымдық тұрғыда түрлендіріп, асыл тұқымды мал басын көбейту үшін ауылдарда жаппай ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері құрылған еді. Жаппай құрылса да, іс біркелкі жүрген жоқ. кооперативке ұжымдасудың игілігін тек санаулы ауылдар ғана көруде. Мәселен, Талдыбұлақ ауылдық округінде бүгінгі күні бақандай 3 ауылдық тұтыну кооперативі жұмыс жасайды.

Мал шаруашылығына ширақ Талдыбұлақ жер игеріп, егін салуға да ерінбей тұр. Округ бойынша былтырғы жылы далалық жұмыстарға 10 шаруашылық қатысып, 1650 га дәнді дақыл, 1572 га майлы дақыл, 598 га мал азықтық дақыл егілді. Орташа өнімділік гектарына 4 центнерді құрады. Қуаңшылық жағдайында осы көрсеткішке көңіл толтыру ләзім. Талдыбұлақтық шаруалардың далалық еңбек дәстүрін жоғалтпай отырғанының өзі неге тұрады?  Елдің алдында есеп берген Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Даниял Танзеновтың айтуынша, мал шаруашылығына қажетті екпелі бір жылдық және көпжылдық мал азықтық дақылдар алқабының көлемі болашақта ұлғаймақ. Соған қарағанда егін саласы енді кейін кетпейтін секілді.

  • Ауылдағы саябақ пен балалар ойын алаңын қайта жаңарту, ауыл мектебіндегі кадр жетіспеушілігін жою, жас мамандар тарту, автобус аялдамасын қайта салу сияқты мәселелер бар. Бұдан бөлек, тұрғындар көтерген әр ұсыныс – пікір бойынша қолдан келген қызмет қыламыз. Ол үшін бізден іскерлік, ал тұрғындардан қолдау керек. – деді Танзенов мырза.

Әкіммен кездесуде тұрғындар жолды күтіп ұстайтын техниканың қауқарсыздығын, байланыс сапасының нашарлығын айтты. Халық көтерген көлемді мәселенің бірі – жайылым. Тұрғындардың айтуынша, ауыл малы жайылатын жайылымды қожалықтардың малы «жаулап алған». Жиналысқа қатысқан Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев округ әкіміне жайылымды пайдаланудың халықтық әдісін қолдануды әрі заңдық тәртібін сақтауды тапсырды.

  • Жайылым елді мекеннен 4 – 5 шақырым қашықтықта болуы керек. Оны ауылдың түлігі пайдалануы керек. Қожалықтың өзіне тиесілі аумағы бар. Округтің шекаралық картасы бар, жайылым туралы заң бар. Біздер бар заңды қолдана алмай, өз пайдамызға жұмыс жасата алмай отырмыз.

Қазақ жер пайдалануды шебер меңгерген халық. Жаз жайлауда, қыс қыстауда отырған. Осылай жайылымның күйін сақтаған. Абайдың «Ерте барсам жерімді жеп қоям деп, Ықтырмамен күзеуде отырар бай» — дегені – нағыз жайылым пайдалану технологиясы емес пе? Қазір осы халықтық әдіс жоғалды. Шабындыққа мал жайып жүрміз. Ол жерден алынған азық қайдан құнарлы болсын? – аудан әкімі.

Талдыбұлақтағы есептік кездесуге аудан әкімінен бөлек, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты. Олар кейін тұрғындарға жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы