24.02.2021, 11:47
Қараулар: 78
 » 
«АНГУСТЫ ӨСІРІП, КӨБЕЙТУГЕ СЕРТ ЕТТІМ»

«АНГУСТЫ ӨСІРІП, КӨБЕЙТУГЕ СЕРТ ЕТТІМ»

 

Талдыбұлақ ауылдық округіне арнайы жұмыс бабымен келген сапарымызда ауыл әкімі Даниял Танзенов әңгіме арасында «Ауылымызда Орал қаласынан ауылға қоныс аударып, 20-ға жуық ангус сиырын бағып отырған азамат бар», – дегенде біздер де елең ете түстік.
«Апырмай, қаладағы жайлы тірлігін тастап, ауылға келіп мал бағуды қолға алған кім екен? «Кім болса да жүректі, еңбекқор жан санатынан болғаны», -деп «қалалық» азаматпен танысып, әңгімелесуге асықтық.


Ауылдық округтің әкімі Даниял Танзеновтың бастауымен қалың қарға омбылап, іздеген кейіпкеріміз тұратын шатырлы үйдің қасына табан тіредік.
Аула ішіндегі қыздың жиған жүгіндей бола ретімен үюлі тұрған рулон шөпті жібінен босатып, малға шөп салудың қамымен жүрген шымыр денелі жігіт ағасы біздерді көріп, емен-жарқын, аңқылдаған көңілде қарсы алды.
Аман-саулық сұрасқан соң, біздердің бұйымтайымызға қанығып алып, басты кейіпкеріміз әңгіменің тиегін ағытты.
—       Менің кіндік қаным тамып, ер жеткен өлкем Тасқұдық ауылына қарасты Алатау елді мекені, -деп өткен шақты еске ала әңгімесін бастаған Аманжол Түгеловтің көкейінде көп сыр жатқандығын желдірте сөз сөйлеуінен-ақ аңғардық.
Алпыс жасқа бір табан жақын қалған Аманжол Кенжебайұлының сөз саптауынан байқағанымыздай орта мектепті Тасқұдықтан бітірген соң Германияда азаматтық борышын өтеп, ауылда механизатор, қойма меңгерушісі сияқты жұмыстардың басын қайырып, Оралдың ауыл шаруашылығы техникумында оқып, агрономдық мамандықты иеленіпті.
Әттең, 1998 жылғы ауыл шаруашылығындағы тоқыраушылық ауылдағы тұрғындарға қатты соққы болды. Қаймағы бұзылмастан отырған халықтар күн көрістің қамымен қолайлы, жылы жер іздеп қалаға көше бастады. Міне, қалаға қарай үдіре көшкен көп дүрмекке ілесіп Аманжол да қалаға отбасымен тартып отырды.
Әке-шешесі Кенжебай мен Тұрсын қария, бауырлары Подстепныйдан үй сатып алса, Аманжол зайыбы Гүлжүзім, балалары Бағдат, Айымгүлмен сегіз жылдай қала орталығындағы сатып алған жатақхананың бір бөлмесінде күндерін өткізді.
«Күндерін өткізді» деп қарапайымдылық тұрғыда ғана айтып отырмыз. Шындығына келгенде ауылдағы бар малын сатып, баспана мәселесін шешіп алған Аманжол мен Гүлжүзім мұнда бостан-босқа жатпады.
Күнделікті тірліктің қам-қарекетін көру үшін қала орталығындағы әмбебап сауда үйінің қасында, одан соң орталық «Мирлан» базарында Аманжол мен Гүлжүзім кезектесіп әуелі шылым, шемішкі сатуды қолға алса, кәсіпке бой үйретіп алған соң көкөніс, жеміс түрін сатуды да тез меңгеріп алды.
Сөйтіп, қолға алған істің үлкен-кішісіне қарамай, әрі ерінбестен еңбек еткен ерлі-зайыпты Аманжол мен Гүлжүзім ортақ қазандағы жиналған қомақты қаржыларына 2006 жылы орталықтағы көп қабатты үйдің тоғызыншы қабатынан 60 шаршы-метрлік үш бөлмелі үйді сатып алса, 2012 жылы бұл үйді сатып, орталық базарға таяу орналасқан аймақтан 8 млн теңгедей қаражатын шығарып көлемі 130 шаршы-метрлік 4бөлмелі үйді сатып алды.
Әлқисса, сонымен Аманжолдың бүгінгі отбасылық жағдайын сонау тоқырау жылғымен салыстырып қарар болсақ жер мен көктей еді.
Аумағы ат шаптырым басыбайлы баспанасы бар Аманжол мен Гүлжүзімнің ұлдары Бағдат шаңырақ көтеріп келіп түсірсе, қыздары Айымгүл өз теңін тауып, отбасын құрды.
Соңғы кездері Аманжолдың ойына туып өскен ауылы, қызықты күндерді бірге өткізген достары жиі орала берді.
Ауылды, достарын, туған өңірдің түтініне дейін сағынатынын қайтерсің Аманжолдың.
Отбасы мүшелері бастары қосылған бір кеште Аманжол өзін көптен бері мазалап жүрген осы ойын ортаға тастап, ауылға барып, мал бағып, шаруашылықпен айналысу ниетін айтқанда жұбайы, балаларының құп көріп, қолдағандарының өзі мерейін өсіріп тастағандығы рас.
Ең әуелі Талдыбұлақ ауылдық округінен 2018 жылдың наурыз айында 1500 гектар жайылымдық жердің мәселесін шешіп, заңдастырып алған Аманжол Түгелов іле-шала орталықтың шетінен аула-қорасы бар пәтерді 600 мың теңгеге сатып алды.
Сөйтіп, қалалық жерді «жерсінбеген» Аманжол Талдыбұлақ ауылындағы қонысына көшіп келіп, әуелден өзі ойына алған арманы ангус тұқымдас сиырды сатып алып, өсіруге серт етті.
Сонымен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Сыбаға» бағдарламасы аясында «Әлихан» шаруа қожалығының жетекшісі А.Түгелов Қостанайдан 8 айлық 20 бас ангустың әрқайсысын 450 мың теңгеден сатып алып бағуға кірісті.
—       Қарапайым малдан гөрі асыл тұқымды мал өсірген өте тиімді. Сондықтан импорттық ангус асыл тұқымды малды көбейту мақсатында 650 мың теңге қаржыны «Камаз» көлігіне тасымал үшін төлеп, 650 мың теңгеге асыл тұқымды ангус бұқасын сатып алуым да қолға алған жұмысты баянды ету еді.
Мал басын көбейту мақсатында мемлекеттен субсидия ретінде малды сатып алғанда әр басына 150 мың теңгеден көмек төленсе, бүгінде мал басына 20 мың теңгеден берілуде.
Сондай-ақ өзімнің қолға алған ісімнің жалғасын табуда жұбайым, бала-келін, қыз-күйеу жұмылып, несиені жабуға қаржылай көмектерін беруде,-дейді Аманжол ағынан жарыла сөйлеп.
Әлемдік нарықта еті мен сүті жағынан жоғары бағаланатын ангус сиырларының төлдері де шымыр, қысқа төзімді болып келеді.
Мысалы, жергілікті сиырлардың төлі туғанда әлсіз болса, ангустардың төлі қар үстіне туса да аяғынан тез тұрып, жүгіріп кететін ерекшелігі бар екендігі дәлелденген. Әңгіме ангус жайлы болған соң Аманжол мына қызықты жағдайда да айтқаны бар. Ангусты сатып әкелгенде қолға үйретіп, бағу оңайлыққа түспеген көрінеді. Мысалы, басқа өңірлерде техника құралымен бағылып күтілген ангус малын үйретіп, бағуда малдың жан-жаққа бытырай қашуы, тіпті өзіңе қарсы шабуы сияқты қауіпті сәттердің жиі кездесетіндігі болған.
Немесе, ангусты түрлі аурулардан алдын ала сақтандыра білу үшін ауылдағы мал дәрігері Қайырғали Демешевтің «Күнделікті егіліп жүрген малдар сияқты емес пе, не істер дейсің», -деп ұмтыла бергенде өзіне қарсы жүгірген қара сиырдан әупіремдеп шаққа құтылғандығын Аманжол айтқанда ангустың да өзіндік «тентек мінезі» бар екендігіне көз жеткіздік.
Иә, сонымен үш ай ішінде жайылыста, атпен бағуға әбден үйренген ангус малы бүгінде қасына Аманжол келгенде үрікпей, алақанмен сипағанда еркін тұра беретін жағдайға келді.
— Бүгінде қыстақта бағымда тұрған 20 ангусқа, мініс атына сатып алынған 80 рулон шөп, (өткен жылдан қалған 70 рулон шөп қорда бар) 20 рулон судан шөбі 3 тонна жем толығымен жеткілікті.
Бұйыртса, ақпанда ангустың алды төлдер бере бастайды. Малға қажетті дәрілерді балам Бағдат жеткізіп тұрса, інілерім мен қарындастарым да қолқабыстарын беруде. Жазғы жайылымдық алқабым Шідерті өзенінің бойы. Сол аймаққа жазғы қоныс салып, мал бағуды ұйымдастырмақпыз. Айтқандайын қарындастарым ангусты сауып, сүттен түрлі өнімдер де дайындамақшы. Келешекте техникалар сатып алып, ангустың басын көбейткелі отырмын. Ең басты мәселе – басталған жұмысты орта жолда қалдырмай, құрдас, достар арасында ангусты баға алатын мәрттігімді іс жүзінде дәлелдей білу, – дейді Аманжол Түгелов.
Шіркін, далада туып, далада өскен, шаруа үшін жаратылған адамдардың рухы мықты деген осы емес пе?!
Ангуспен «достасқан» Аманжолға сәттіліктер тілейміз.

Мүсірбек АЙТАШЕВ,
Суреттерді түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА