22.02.2021, 16:16
Қараулар: 61
 » 
ДӘРІГЕР ЕДІ ДАРЫНДЫ, ҚАЙРАТКЕР ЕДІ ҚАРЫМДЫ…

ДӘРІГЕР ЕДІ ДАРЫНДЫ, ҚАЙРАТКЕР ЕДІ ҚАРЫМДЫ…

 

 

Адамның бәрі тұлға бола бермейді. Тұлға болып тумайды, қалыптасады. Еңбек қалыптастырған, елге қызметі сіңген ерен тұлғалардың қатарында бір адам болса Қазақстанның, соның ішінде Сырым өңірінің денсаулық саласының дамып өркендеуіне мол үлес қосқан КСРО «Денсаулық саласының үздігі», Сырым ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері, жоғарғы санатты дәрігер-хирург Ғаділше Махметов болуы тиіс деп ойлаймын.

 

ЖЫМПИТЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ ХИРУРГІ

 

Ғаділше Махметұлы 1930 жылы 23 ақпанда Орал облысы, Тайпақ ауданы, Қызылжар ауыл кеңесінің №5 — ші ауылында  шаруа жанұясында дүниеге келген. Он екі ата Байұлы, Қалқаман Тананың тегінен. Бастауышты Қызылжар мектебінде оқып, жоғары сыныптарды Жымпиты ауданы Бұлдырты мектебінде жалғастырады. 1947 жылы орта мектепті тәмамдады.

«Болатын бала он бесінде баспын дейді, болмайтын бала отызында жаспын дейді.» Ғаділше де бозбаламын демеді, өзінің өмірлік жолын өзі таңдады. Болашағын көріп, есептей білді. Өмірге құштар, білімге іңкәр Ғаділше 1948 жылы облыстық партия комитетінің қаулысымен облыстағы медицина кадрларының тапшылығына байланысты Алматы медициналық институтына, емдеу факультетіне оқуға түсті. 1954 жылы дәрігер — хирург деген диплом алып, Орал облысына жолданды. Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бастығы Қазмағамбетовтың (есімі ұмытылыпты) бұйрығымен, бұйрығымен дегеннен гөрі, өзінің сұрауы бойынша дейік, Ғаділше Махметов Жымпиты ауданына келді. Ғаділша Махметов сол кездегі Жымпиты ауданындағы ең алғашқы жергілікті жоғарғы білімді дәрігер-хирург маман болатын. Әрине, алғашқы дегеннің салмағы ауыр. Дегенмен, Ғаділшенің Жымпитыдан алғаш шыққан жоғары білімді әрі жергілікті хирург екені рас еді.

Жымпиты ауданының денсаулық сақтау саласының бастығы Сарсенбаев мырза жас хирургті хирург екеніне қарамастан, бұйрықпен «Смычка» кеңшарындағы жаңадан ашылып жатқан 10 кереуетті учаскелік ауруханаға жолдады. Оның еңбек жолы солай басталды. Бұл 1954 жыл еді.

Кейін «Смычка» кеңшарын Тасқұдыққа қосуына байланысты аурухана жабылып, Жымпитыға қайта келді. 1955 жылы Ғ.Махметұлын аудандық партия комитетінің екінші хатшысы шақырып аудандық денсаулық сақтау бөлімін басқаруға тағайындады. Сол кезде аудандық денсаулық сақтау бөлімі аудандық аурухана жанындағы кішкентай екі бөлмелі жер үйде орналасқан еді. Бөлім бастығы М. Сарсенбаев кейіннен рентгенолог жұмысына ауысты. Инспектор болып фельдшер Ділмұхамбет Чукуров, бухгалтері Рахила Кенжебаева қызмет етті сол жылдары.

Сол кездегі аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің ахуалы жайлы да аз – кем айта кетейін. 50 төсектік аудандық аурухана, 10 медициналық пункт, санитарлық — эпидемиялық бөлім, 1 дәріхана, 1 учаскелік аурухана болды. Медициналық нысандарда 3 дәрігер, 10 фельдшер, 1 дәріханашы еңбек етті. Ол уақыттың көлігі, жедел жәрдемі ат еді. Ауруханада 3 ат болды.

 

«ДӘРІГЕРЛЕР ЖАУҒАН ЖЫЛ»

 

Өткен ғасырдың ортан белі Жымпитыға «дәрігерлер жауған жыл» болды. Ауданға Алматы медициналық институтын бітірген жергілікті кадрлар, атап айтсақ 1955 жылы Сәбит Жонысов, 1957 жылы Раулия Әлжанова келіп жұмысқа кірісті Ол кезең — соғыстан кейінгі, елдің әл-ауқаты төмен уақыт болатын. Медицина мекемелерінің жағдайы да мәз емес еді. Құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер жетіспеді. Қособадан атшанамен қамыс әкелініп, аурухана сонымен жылытылды. 1955-1956 жылдары №117 ат зауыты жабылып, «Правда» газеті атындағы кеңшар ашылып, В.И.Шубин директор болып тағайындалды. Кеңшарда 10 кереуетті учаскелік аурухана ашылып, 1955 жылы Алматы мед.институтын бітіріп келген Хасан Жүсіповке еңбек жолын «Правдадан» бастау бұйырды.

Жымпиты ауданы бойынша алғашқы, жергілікті жоғарғы білімді дәрігер-хирург Махметов Ғаділше дәрігерлікпен емес, қайраткерлікпен де айналысып жатты. Оның алдында 1894 жылы ашылған аудандық аурухана жанынан хирургиялық бөлімше ашу міндеті тұрды. Соған орай аурухана ішінен үш бөлме бөлді. Отаға дайындайтын, ота жасайтын және таңу бөлмесін әзірлеп, керекті құрал-жабдықтар облыстық медтехника мекемесінен алдырылды. Мария Губатенко деген әріптесін медбикеге, Назира деген апайды санитаркаға дайындап, машықтандырып, Ғаділше Махметұлы операция блогы, таңу бөлмесі бар 10 кереуетті хирургия бөлімін ашты. 1955 жылдың күзінде Жымпиты өңірінде алғашқы ота жасалды. Жапарова деген азаматшаның соқырішегіне жасалған ота сәтті аяқталды. Осыдан бастап ауданда хирургиялық көмек көрсетіле бастады.

Халықтың жағдайы, білімі төмен кез. Аурудың алдын — алу мақсатында халық арасында үгіт-насихат жұмыстары жүргізу сондықтан өте маңызды болды. Жымпитыдағы хирургиялық бөлім — Батыс Қазақстан аудандарындағы алғашқы хирургиялық көмек болатын.

  • Ғұлама ғалым Ибн-Сина «Хирургтың көзі сұңқардың көзіндей қырағы, қолы қыздың қолындай биязы, жүрегі арыстанның жүрегіндей айбатты болу керек» — деген екен. Менің ұстанымым да осы болды деп жазады Ғаділше Махметұлы өзінің «Менің жолым» кітабында.

Аудандық ауруханада 1954-1960 жылдары не бары 3 медбике жұмыс жасады. Өйткені кадр мәселесі өте қиын болатын. Аудандық ауруханаың басшысы осы мәселені шешу мақсатында 1968 жылы Оралдың медициналық училищесінің директоры Тихонов мырзамен келісіп Жымпитыдан ауданаралық медициналық училищесінің филиалын ашуға қол жеткізді. Соған орай оқу тобына 30 қыз бала қабылданды. Олардың 10-ы – Қаратөбеден. Оқу 1968 жылы 1 қыркүйекте басталды. Оқу мерзімі 2жыл болды. Сөйтіп 1968-1972 жылдары екі шығарылымда 60 медбике даярлап, кадр мәселесін шешкен. Ғаділше Махметов бұл медициналық оқу орталығында әрі хирургиядан дәріс беріп әрі филиал директоры міндетін атқарған. 1957-1960, 1964-1966, кейін 1980-1983 жылдары Жымпиты аудандық аурухананың бас дәрігері болып қызмет атқарып, аудандық ауруханаға көптеген жоғарғы білімді және орта буынды мамандар тартып, материалдық базасын нығайтуға күш салды. 1990 жылы зейнеткерлікке шығып, 1998 жылға дейін елге  қызмет атқарды. Міне, Жымпитының ғана емес, еліміздің денсаулық сақтау саласының ұйымдастырылуына, дамуына, кадр — шәкірттер тәрбиелеуге үлкен үлес қосқан  тұлға Ғаділше Махметовтың есімі Қазақстан, облыс көлемінде белгілі болды. Ғаділше Махметұлы тамаша хирург қана емес, әріптестеріне, еліне парасатты жан ретінде таныла білді.

Автордың «Менің жолым» атты кітабын тағы бір парақтайық:

  • Денсаулық саласында ұйымдастыру ж/е хирург маман ретінде Бадашев Бекет Өтепұлын, Кенжин Самиғолла Кәрімұлын, Ағалиев Болат Мырзабекұлын, Ниязов Мәлік Төресұлын өз шәкірттерім деп санаймын. – дейді ол. Осы қатарда «Дүйсенғалиев Асхат Ғабделғазезұлы» деп менің де есім — сойымның аталғаны маған мәртебе әрі жауапкершілік. Ғаділшедей ұстаздың алдын көрген біз бақытты шәкірттерміз.

Табанды еңбек, қалтқысыз қызмет еленбей қалушы ма еді? Ғаділше Махметов 1961 жылы Қазақ-ССр Жоғарғы Советінің құрмет громатасымен, 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жыл мерекелік медалі, 1974 жылы Социалистік жарыс жеңімпазы белгісі, 1978 жылы «Денсаулық сақтау министрлігінің озаты» СССР төс белгісі, 1990 жылы Жымпиты ауданының құрмет азаматы, 2005 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл мерекелік медалімен марапатталды.

 

ЖЫМПИТЫДА МЕДИЦИНА МУЗЕЙІ БОЛСА…

 

Даңқты дәрігер 2019 жылы 18 тамызда дүниеден озды. Өмірлік серігі педагог Зейнел апай жарынан ертерек 2015 10 маусымында жарық дүниемен қоштасқан – ды. Орынында бар оңалады демей ме? Ғаділше ағай мен Зейнел апайдың жылы ошағынан түлеген перзенттер өмірден өз жолдарын таба білді. Үлкен ұлы Бейбіт зоотехник мамандығын игеріп, ауылшаруашылық саласын таңдады. Қызы Бибігүл әке жолын қуды. Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтын бітіріп, дәрігер атанып, қазір Орал қаласындағы туберкулездан емдеу санаториясының директоры. Үшінші перзенті Алмаз Мәскеу ауыл шаруашылық институтының электрлендіру факультетін бітірді.

Дегенмен, тұлғаның ізі жанұясында ғана емес, еңбек еткен орынында, елінде қалса деген ой – ниет бар бізде. Аудандық аурухананың қабырғасына «Ғаділше Махметовтай ауданның алғашқы жоғары білімді хирургі еңбек еткен жер» — деп тақтай ілсек қандай керемет болар еді? Тақтай ғана емес, Ғаділше Махметовтың артындағы мұрасы, 100 жылдан астам тарихы бар аудандық аурухананың өзі арнайы музейге сұранып тұр. Жымпитыға медицина музейі керек сықылды. Бұл өңірдегі денсаулық сақтау ісінің тарихы ХІХ ғасырдың аяғынан басталады. Сала Алаш мемлекеттік идеясымен бірге дамыды. Адамзат саулығы, адам амандығы жолындағы Х. Досмұхамедов, Д. Күсепқалиевтер атқарған қастерлі міндетті Ғаділшедей тұлғалар абыроймен арқаламады ма? Жымпиты медицина музейіне қоятын жәдігер де, дәріптейтін тұлға да жеткілікті деп ойлаймын.

Ғаділшенің кадрлар мектебін жалғастыруға тиістіміз. Ғаділше Махметов атындағы арнайы қор ашып, білімді, оқуға ынталы, Ғаділшедей шаруа жанұясынан шығып, грантқа қолы жетпей қалған жастарды қор есебінен оқытсақ, олар дәрігер болып елге оралса, өшкеннің жанғаны, дәстүрдің жалғасқаны емес пе?

Облыстың әр ауруханасында хирургтар еңбек етіп жатыр. Олар өз жұмыстарын ғана біледі. Ал, өзара тәжірибе алмаса ма, тәжірибелі хирургтердің тәлім – дәрістерін тыңдап, шеберлік сабақтарын алып жүр ме? Өкінішке орай, жоқ. Жымпиты жыл сайын жас хирургтардың бас қосар жеріне айналса дейміз. Жыл сайын Ғ. Махметов атындағы хирургтар слетін ұйымдастырсақ, саланың жаңа өкілдерімен танысып, озық тәжірибелер басқа өңірлерге Жымпитыдан тараса дейміз. Қоғам осы ұсынысты қолдайды деп ойлаймын.

«Жаңа таза адамның жанында жүрсен, өзіңде тазаланасың» деген рас сөз. Біз Ғаділше ұстаздан адами тазалықты, мамандыққа адалдықты үйрендік. Оның жолы жалғасуы керек.

Асхат Дүйсенғалиев,

жоғарғы санатты дәрігер хирург,

ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі

.