4.02.2021, 12:52
Қараулар: 336
АУДАННЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ

АУДАННЫҢ 2020 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ

 

БЮДЖЕТ ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯ

2020 жылғы аудан бюджеті кірісінің көлемі 7 млрд. 842,7 млн. теңгеге жоспарланған болса, 7 млрд. 999 миллион теңгеге орындалды. Соның ішінде өзіндік кірістер 421,7 млн. теңге көлемінде жоспарланып, нақты аудандық бюджетке 581 млн. теңге түсті. Бюджеттің шығыс бөлігі 7 млрд. 831,3 млн. теңгеге немесе 99,9 пайызға игерілді.

Аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2020 жылдың 12 айында 8 млрд. 72  млн. теңгені құрап, 2019 жылдың тиісті кезең деңгейінен екі есеге жуық өсіп отыр.

2021 жылдың 1 қаңтарына жеке сектор арқылы тартылған инвестиция көлемі 1 млрд. 14 млн теңгені құрады.

 

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ.

2021 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға ауылшаруашылығы саласының қаржылық несие ұйымдары арқылы 1 млрд. 92 млн. теңге несие және мал шаруашылығын дамытуға аудан тауарөндірушілеріне 420,4 млн.тг субсидия және шаруашылықтарға күн панелдерін орнатуға 386,7 млн. теңге инвестсубсидия төленді.

Өткен жылдың есептік кезеңіндегі мал басына тоқталсақ ірі қара малы 47575 басқа жетіп, 3,9%-ға, ұсақ мал – 82027 басты құрап, 8,9-ға жылқы малы – 21710 басты құрап, 13,6%-ға, түйе 97 басты құрап, 9%-ға, құс – 17898 басты құрап, 2,8%-ға өсіп отыр. Сәйкесінше төрт түлік малдан 6,6 мың тонна ет, 14,7 мың тонна сүт және 222,3 тонна жүн өнімдері мен 1,9 мың тана жұмыртқа алынды.

Ауданда бүгінгі күні 5452 бас асыл тұқымды ірі қара малы тіркелген, өткен жылы ауданымыздың «Рахмет», «Ешекен», «Ахметкалиев»,  «Әулет» «Ауыл», «Харун», «Аслан» сынды  шаруашылықтары 460 бас асыл тұқымды ірі қара малын сатып алды.

Үстіміздегі жылы егілген 6730 га. жаздық дәнді дақылдар алқабынан 3817 тонна өнім алынса, майлы дақылдар 4612 га. егіліп, 1972 тонна өнім алынды.

Аудан бойынша ветеринариялық–профилактикалық іс-шаралар, аса қауіпті аурулардың алдын алу мақсатындағы вакцина екпе жұмыстары жоспарға сәйкес орындалды.

Өткен жылы барлығы 57095 гектар жер айналымға енгізілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 21267 гектарды құраған болатын. Есептік кезеңде барлығы 20699 гектар жер конкурс арқылы берілді. Мемлекеттік меншікке қайтарылған жер көлемі 16093 гектар. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында іске қосылған Батыс Қазақстан облысының геоақпараттық zko.smartgeohub.kz электрондық порталы жұмыс жасауда. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің электрондық картасын жасақтау бағытында Qoldau.kz веб-порталына сандық форматтқа көшіру жұмыстары жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың көлемі 80% құрайды.

 

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС

Елімізде белең алған індетке қарамастан шағын және орта бизнес саласында өткен жыл басында  жоспарланған жобалардың ішінде 6 жоба жүзеге асырылып, яғни қызмет көрсету орындары ашылып, 11 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Олар: Жымпиты ауылынан «Әділ» жеке кәсіпкерлігімен автокөлік жуу орны, «Жайсұлтанов» жеке кәсіпкерлігімен автобөлшектер сататын дүкен, «Шідерті» шаруа қожалығымен «Азия» асханасы, «Байназар» шаруа қожалығымен ет дүкені, «Шамарова» жеке кәсіпкерлігімен «Нұр Сара» дүкені ашылса, Бұлдырты ауылынан «Кердері» жеке кәсіпкерлігінің нан пісіру цехінің бүгінгі күні тұрғындар игілігін көруде.

 

ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫ.

Аудан бойынша құрылыс жұмыстарының құны 4 млрд. 68 млн. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 58 пайызға артық орындалып отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 5317 шаршы метр, бұл сәйкесінше есептік кезеңмен салыстырғанда 12,3 пайызға артық орындалды. Есептік кезеңде 26 жеке тұрғын үй пайдалануға беріліп, жалпы алаңы 2951 шаршы метрді құрады. Сонымен қатар, 8 жеке өндірістік қоғамдық ғимарат бой көтерді.

Ауданымызда тұрғын үй мәселесі әлі де өзекті болып отыр, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде 313 адам бар, соның ішінде 30 отбасы көпбалалылар санатына жатады. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында өткен жылы Жымпиты ауылынан 36 пәтерлік 3 қабатты тұрғын үй салынып, кезектіліктегі азаматтарға берілді.

Мұның сыртында  тұрғын үйге мұқтаж азаматтар санын азайту мақсатында Өлеңті ауылынан 42 тұрғын үй алаңына инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізуге және 42 коммуналдық-жалдамалы тұрғын үй құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталды.

Сондай-ақ, тірек елді мекендердің әлеуетін арттыру мақсатында Алғабас ауылынан 15 тұрғын үй алаңына инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізудің және 10 тұрғын үй құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары дайын.

КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ.

Ауданымыздағы көгілдір отынмен қамту жұмыстарын жалғастыру мақсатында 2020 жылы тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген Өлеңті ауылының Құсыпқалиев көшесіне және Жетікөл елді мекенінің Бұлдырты көшесіне газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Алаш музейі ғимаратының жылыту жүйесі газбен жылытылуға ауыстырылып, дербес бу қазандығы салынды.

 

Тұрмысы төмен отбасылардың жеке тұрғын үйлеріне тегін көгілдір отын қосып беру жұмыстары жылма-жыл қарқын алып келеді. Өткен жылы аудан жастарының ауылдан шыққан түлектердің және «Сырым елі» газетінің бастамасымен Бұлдырты ауылынан 2 тұрғын үйге және Өлеңті, Бұлан, Қосарал ауылдарынан барлығы 5 азаматтың тұрғын үйлеріне тегін көгілдір отын қосылып берілсе, 11 отбасы аудандағы мекемелер, жеке кәсіпкерлер және шаруашылықтардың, жанашыр азаматтардың  қолдауымен «Сырым қоры» арқылы ұйымдастырылып, тегін көгілдір отын қосуға мүмкіндік алды.

 

АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ.

Аудан халқының 85,8 пайызы орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Биылғы жылы Қосарал, Жетікөл, Тоғанас, Аңқаты, Құспанкөл елді мекендерінің ауыз су желісі жаңғыртудан өтіп, пайдалануға берілді.

Сонымен қатар, 2019 жылы басталған Кеңащы-Жымпиты топтама су құбырының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Алдағы уақытта осы жоба арқылы Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Шағырлой ауылдарына ауыз су желісін тарту жұмыстары жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алғабас, Қарағанды ауылдарының да су желісін жаңғыртуға ЖСҚ жасақталды.

«Сырым» МКК-мен Шағырлой, Қособа ауылдарынан ауыз су ұңғымалар қазылып, іске қосылды.

 

КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ.

Ауданымызда 196 км республикалық, 132 км облыстық және 296 км аудандық маңыздағы жолдар бар. Ауданның  ауылішілік және елді мекенге дейінгі жолдарды жөндеу жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізіліп келеді. Осындай жұмыстар өткен жылы да жалғасын тауып, Тоғанас ауылына дейінгі 10,6 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары басталды. Биылғы жылы жалғасатын болады.

Мұның сыртында Жымпиты-Ақсай автожолының 139-149 және 149-159 шақырым жолдары да жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жымпиты ауылын абаттандыру жұмыстары аясында Жымпиты ауылы ішіне 90 дана энергия үнемдеуіш шамдар және қосымша 130 дана  жай шамдар орнатылды.

Тұрғындардың көшеде жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында Есенжанов көшесіне, Амангелді, С.Датов және Ж.Досмухамедов атындағы мектептің алдына дейін, Сүйірбаев көшесінен С.Датов көшесіне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, Өлеңті ауылының М.Өтемісов көшесінің бойына ұзындығы 679 метр жаяу жүргіншілер жолы пайдалануға берілді. Өлеңті ауылындағы «Жастар» саябағына өрнек тастар төселіп, жарық шамдар орнатылды.

Сондай-ақ, Жымпиты ауылішілік көшелерінің бойына 15 жерде қатты тұрмыстық қалдықтар төгетін алаңдарды қоршау жұмыстары жүргізілді.

 

ӘЛЕУМЕТТІК САЛА ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ.

Ауданның әлеуметтік саласындағы жұмыстар да жоспарлы жүзеге асырылып келеді.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 575 адам жұмысқа орналасып, 827 жаңа жұмыс орындары ашылды. Аталмыш бағдарлама шеңберінде 43 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 662 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Жастар тәжірибесімен 77 жас маман әртүрлі мекемелерге жолданды.

Бағдарламаларға қатысушы 16 адам қысқа мерзімді курстарға жолданып, оның 13-і жұмысқа орналастырылды.  Ұзақ мерзімді кәсіптік оқытуға 25 адам жолданса, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 80 адам оқытылды. Өз кәсіптерін ашуға ниет білдіруші 73 адам несие алып, жұмыстарын бастады. Мұның сыртында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 131 адам барлығы 69 миллион 518 мың теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік гранттар алды.

Аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында мемлекеттен төленетін атаулы әлеуметтік көмек 438 отбасына, яғни 2019 адамға тағайындалып төленді. 2020 жылдан бастап енгізілген кепілдендірілген әлеуметтік пакет осы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 246 балаға берілді.

Өткен жылы елімізде орын алған індетке байланысты жарияланған  төтенше жағдай кезеңінде және одан кейін нақты айтқанда наурыз-тамыз айлары аралығында азаматтарға азық-түлік пакеті ретінде ақшалай көмек көрсетілді, олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары, мүмкіндігі шектеулі жандар, ерекше балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған жандар және ресми жұмыссыздар бар. Мұндай көмекпен 2707 адам қамтылды. Жергілікті өкілетті органдардың шешімімен төленетін әлеуметтік төлемдер 708 адамға, ал тұрғын үй көмегі 43 азаматқа төленді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданға келген                         жас мамандарды көтермеулеу мақсатында 86 маманға көтерме жәрдемақы және 20 маманға бюджеттік несие берілді.

 

«ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖОЛ КАРТАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы өткен жылғы елімізде басталған індет кезінде азаматтар жұмыссыздығының алдын алуға бақытталған бірден бір қадам болатын. Ауданымызда бағдарлама шеңберінде 6 жоба жүзеге асырылып, құны 962,5 млн теңгені құрады. Уақытша жұмыс орындарына 132 азамат тартылып, жұмыспен қамтылды. Жобаларға тоқталсақ:

Шағырлой ауылының Абай ЖОББ мектебін күрделі жөндеу және аудандық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Тасқұдық ауылын ауыз сумен қамту желісі жаңғыртылды.

Алғабас ауылындағы С.Датов көшесіндегі автокөлік жолын орташа жөндеу және  Жымпиты ауылының Қазақстан, Досмұхамедов, Жұмағалиев, Байжанов, Мендалиев көшелерінің ауылішілік жолдарын орташа жөндеуден өтті.

Жымпиты ауылы, Қазақстан көшесіндегі қазпошта және прокуратура ғимараттары алдындағы алаң абаттандырылды.

 

БІЛІМ БЕРУ

Өздеріңізге мәлім, өткен оқу жылында елімізде енгізілген карантин  жағдайына байланысты  мектептердің оқыту форматтарына өзгерістер енгізіліп қашықтықтан оқыту жүйесіне көшті. Ауданда 3010 оқушыны білім нәрімен сусындатып жатқан 22 білім беру мекемесі жұмыс жасап тұр. Оларға 575 педагог  кадрлар сапалы білім беру жолында еңбек етуде.

Оқушыларымыздың қашықтықтан оқуына жағдай жасау мақсатында республикалық, жергілікті бюджет және демеушілер есебінен ноутбуктар, планшеттер, дербес компьютерлер, Алтел және Билайн роутерлері симкарталарымен қажет ететін отбасыларға таратылып берілді.

Білім беру ұйымдарының материалдық базасын жаңарту жұмыстары күн тәртібінен түксен емес. Өткен жылы Мектеп-лицей ғимараты және Бұлдырты ауылындағы «Айналайын» балабақшасына берілген ғимарат ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар, білім беру мекемелері бейнебақылау камераларымен 100% қамтылса, 8 мектепке ішкі әжетханалар орнатылды. Ішкі әжетханалары бар мектептердің саны барлығы 18 ді құрап отыр. Биылғы жылы Қызылағаш, Жамбыл, Көздіғара, Тасқұдық негізгі мектептері қамтылатын болады.

Өткен жылдың желтоқсан айында ІІІ Республикалық Қадыр оқулары байқауы онлайн түрде оздырылып, республиканың Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарынан және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және ауданымыздан оқушылар қатысып, бақтарын сынады.

 

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ

Сырым ауданы бойынша 29 денсаулық сақтау мекемесі жұмыс жасайды. 2020 жылы 369 сәби дүниеге келді.

Елімізде белең алған індетпен ауданның кейбір тұрғындары да ауырды. Індет әлі де жойылып кеткен жоқ. Сондықтан тұрғындар бірінші кезекте сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет.

Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы облыстық бюджет есебінен 2 ЖДА (ИВЛ) аппараты, 2 Бобров аппараты, медициналық консуль, оттегі концентраторы, инфузомат, перфузор аппараттары, 2 дана ЭКГ аппараты, дезинфекцилық өткізгіш құрылғы, мобильді тоңазытқыш камерасы және монитор құрылғысы сынды жабдықтармен толықты.

 

         МӘДЕНИЕТ САЛАСЫ

Аудан бойынша 15 мәдениет ошағы, яғни 1 аудандық,  8 ауылдық мәдениет үйлері және 6 ауылдық клубтары, 11 «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар өнер ұжымдарымен көркемөнерпаздар үйірмелері бар.

Кейбір ауқымды шаралар қатарында ақын Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығы аясында ақынның анасы тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, шараға ақынның жары мен елге белгілі тұлғалар қатысты. Сондай-ақ, қазақ айтысының қарлығашы, Сырым ауданының «Құрметті  азаматшасы», облыс аймағында өткен ақындар айтысының жеңімпазы, жерлесіміз  айтыскер ақын Жаңыл Жұрмағамбетованың 95 жылдығы аясында ақын тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылып, жастар мен оқушылар арасында айтыс ұйымдастырылды.

Ауданымызда спорт саласының материалдық-техникалық базасы жылма жыл қарқынды жаңартылуда. Өткен жылы аудан орталығындағы «Қайсар» спорт кешені күрделі жөндеуден өткізіліп, елді мекендер тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыру үрдісін жалғастыру мақсатында Тоғанас, Аралтөбе ауылдарына жаңадан спорт алаңдары салынып, қолданысқа берілді. Мұның сыртында, жомарт азаматтарымыздың көмегімен Тасқұдық елді мекенінен балалар ойын алаңы мен спорт алаңы және хоккей қорапшасы салынып, шалғайдағы елді мекенде балалардың қысқы демалысына жағдай жасалды. Жастарды ұлттық спорт түріне соның ішінде атқа міну мәдениетіне баулу мақсатында «Қайсар» спорт клубы жанынан ат спорты үйірмесі ашылды.

Сонымен қатар, аудан орталығынан жеке кәсіпкер Дәурен Жұматаевпен қысқы демалыс алаңы жасақталып, жұмыс істеп тұр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ауданнан шыққан жанашыр азаматтар мен түлектердің қолдауымен 14 жоба жүзеге асырылды. Жобалар қатарында Бұлдырты ауылының еркін күрес үйірмесіне жаттығу құралдарын алу, Қособа ауылында жазғы сыртқы сахна және мектепке 15 домбыра сыйлау, Өлеңті ауылындағы саябаққа 10 орындық 10 күл-қоқыс жәшіктерін орнату, Қосарал ауылына Қазақ радиосының құрылғысын орнату, Шағырлой, Алғабас, Қоңыр, Жырақұдық  ауылындарында композиция, Шолақаңқаты ауылдық округінен Ерсары батырға арналған кесене салу, Тасқұдық ауылында балалар ойын алаңы мен хоккей алаңы, Қособа ауылынан қысқы ойын алаңын салу жұмыстарын атап өтуге болады.

 

ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚ

2021 жылдың 1 қаңтарына аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес тіркелген қылмыстар саны 92-ні құрап отыр (2019 жылы — 156). Тіркелген қылмыстардың ішінде 26 мал ұрлығы тіркеліп, оның 16-сы ашылды (ауыр санаттағы 8 мал ұрлығы тіркеліп, толықтай ашылған), соның ішінде 4-уі топ болып жасалған ұрлық болып есептеледі.

Сырым аудандық полиция бөлімімен есептік кезеңде 1557 (2019 ж.-1463) әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 7,1 млн. теңге (2019 ж. – 6,2 млн. теңге) айыппұл салынып, оның 6,4 млн. теңгесі (2019 ж. – 5,02 млн. теңге) немесе 88,0% (2019 ж.- 80,4%) өндірілді.

 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Талдыбұлақ, Тасқұдық, Көздіғара, Аққұдық елді мекендеріне Актив ұялы байланысы орнатылды. Байланыс сапасы әлі де төмен, интернет желісінің жылдамдығы баяу, байланыс операторларларына бұл жөнінде ұсыныстар берілді. Кемшіліктерді жою бағытында жұмыстанатын болады.

 

ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ АЯСЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР

Өткен жыл Еріктілер жылы болып жарияланғаны белгілі, әлемді жайлаған індет елімізде де кең тамыр жайып, халқымыз ерікті көмектерін мұқтаж жандардан аяп қалған жоқ.  Қайырымды істер мен көрсетілген көмектерге тоқталсақ, аудандық ауруханаға 18 оттегі концентраторлары мен  медициналық күнделікті тұтынатын тауарлар, дәрі-дәрмектер, арнайы халаттар, санитарлық залалсыздандыру заттарымен қатар 750 литр дайын құтыдағы ауыз-су табысталды, еріктілермен дайындалған 4000-ға жуық бетперде үлестірілді, көмекке мұқтаж отбасыларға жеке кәсіпкерлер мен еріктілердің  жолдаған түрлі көмектері берілді, сонымен қатар, карантин жарияланған кезде бекетте тұрған қызметкерлерге ыстық тамақ ұйымдастырылды. Жалпы айтқанда 3954 отбасына 15,3 млн. теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмектер, киім-кешектермен көмектер көрсетілді.