3.02.2021, 12:46
Қараулар: 294
 » 
Өмірдің қызығы – бала, Балаға мұқият қара!

Өмірдің қызығы – бала, Балаға мұқият қара!

Әлеуметтік желіні ақтарып отырып, ауданның дәрігер – хирургі Тимур Еспентаевтың постына көзіміз түсті.

 — Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар. Бала қоршаған ортаны зерттеп өседі. Әр нәрсені қарап, қолына алып, тістеп, ауызына салып көруі мүмкін. Кей жағдайда өз денесінде орналасқан табиғи тесіктерге салып жіберуі мүмкін. Оның өмірге қауіпті екенін біреу білсе, біреу білмейді. Сөзім нанымды болуы үшін тәжірибемде кездескен жағдайлардың бірнешеуімен бөліскім келеді. – деп жазыпты дәрігер – хирург.

Жазыпты да, сөзінің дәлеліндей алдына келген балалардың мұрын қуыстарынан алынған заттардың суреттерін жүктепті. Оны медицина тілінде бөгде дене дейді екен. Мәселен, бір бүлдіршіннің мұрынының ішкі қуысынан жеміс – жидектің сыртындағы жабысқақ қағаз (наклейка) шыққан. Екіншісінен дардай құрт, кәдімгі сүзбеден жасалған жейтін құрт шығыпты. Ол мұрынға қалай сыйып кетіп жүр?

Содан не керек, іле – шала Тимур мырзаға хабарласып, расыменде өте өзекті мәселені көрсеткенін, мүмкін болса, кеңейтіп жазып, газетке беруін сұрадық. Хирург мақаланы көп кешіктірмеді. Ендеше, Тимур Еспентаевтың деректері мен тәжірибесі негізінде дайындалған материалымызға зер салыңыз.

 

«Ол немене?», «Бұл немене?»

 

Әңгімемізді Абайдың сөзімен бастайық:

  • Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар — тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі — білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. – дейді ұлы ақын өзінің жетінші қара сөзінде.

Әрине, қоршаған ортаны танып білуге деген ынта – іңкәрлік – адамдықтың алғашқы сабақтарының бірі. Алайда, «ортасын танып – біліп жатыр ғой» — деп баланы қараусыз, назарсыз қалдыруға тағы болмайтын болып тұр. Себебі, иіскеп көрген қағазы мұрынының ішінен, тістеп көрген ойыншығы асқазанының ішінен шығуы әбден ықтимал. Кесіп, жырып, соғып жарақаттап алуды бұған қоспай – ақ қоялық. Көзге көрініп тұрады ғой не дегенмен де. Ал, адамның ағзасына құлақ, мұрын, ауыз қуыстары арқылы бөгде денелер еніп кетсе, жағдай қиын екен.

– Бала ғой, қайдан білсін? – дегенді қою керек. Бөгде денелер бала ағзасына анатомиялық табиғи тесіктер, яғни құлақ, мұрын, ауыз, т.б. арқылы енеді. Ауыз қуысы және мұрын арқылы кірген бөгде дене асқазан-ішек жолдарына немесе трахея-бронх тармақтарына түседі. — дейді Тимур Еспентаев.

Бөгде дене – бөлек мәселе.

Әдетте балалар қандай дүниелерді көп жұтып қойып жатады?

  • Әдетте, балалардың асқорыту жолдарында кездесетін бөгде дене түрлері тиындар, ілгектер, түйреуіштер, қақпақтар, инелер және т.б. Иә, инелер. Осы бөгде денелердің көбі асқорыту жүйесінен еш кедергісіз өтіп, ағзадан шығарылады. Бірақ, асқорыту жолдарында бірнеше анатомиялық тарылған жерлер бар екенін есте сақтаған жөн. Өңеште 3 тарылу, асқазаннан 12 елі ішекке өтетін жерінде, ашішектен тоқішекке өтетін жерінде, ануста орналасқан.  Осы тарылған жерлерде бөгде дене ұзақ уақыт тұрып қалса ол ағзаның тесілуіне әкелуі мүмкін. Әлемдік әдебиеттердің мәліметіне сенсек балалардың бөгде дене жұтып қоюдың жыл сайын 100 мың фактысы тіркеледі екен. – дейді дәрігер – хирург.

Хирург мырзаның айтуынша, тыныс жолдарына бөгде дене еніп кетсе, ол кезде ең басты асқыну — жедел тыныс жетіспеушілігі туындай. Тыныс жетіспеушілі – немқұрайлы қарайтын жағдай емес. Егер дер кезінде анықталып, алғашқы көмек көрсетілмесе, өлімге әкеледі. Тыныс жолдарына бөгде дене түсуі кезінде жедел тыныс жетіспеушілігі белгелері пайда болған жағдайда Геймлих әдісін қолдану қажет. Геймлих әдісінің не әдіс екені әрі қалай жасайтыны ғаламторда егжей – тегжей көрсетілген.

Дәрігер – хирургтің сөзін жалғастырайық:

  • Балардың бөгде денені жұтып қоюы, мұрын, құлақ және т.б. салып жіберуі 1 жастан 3 жас аралығында жиі кездеседі. Бөгде дененің бала ағзасына түсуінің себептерін де атай аламын. Ата-анасының баланы қараусыз қалдыруы, тамақты шайнауын қадағаламауы, ауызына бөгде денелер салу әдеті, ұсақ денелерді деммен жұтуы, кенеттен жылау, күлу, қорқу, жеуге жарамды, жарамсыз заттарды айыра алатын когнитивті қабілеттің болмауы – осының бәрі жаңағы жағдайға себеп.

Хирургтің «коллекциясы»

Мен Сырым аудандық ауруханасында дәрігер — хирург қызметінде жүргеніме 7 жылдан аса уақыт өтті. Осы уақыт ішінде мектеп жасына дейінгі балалар құлақ, мұрын, асқорыту жолдары бөгде денесі диагнозымен көптеп келген болатын. Көбінесе бұл жағдайларға ата-анасының баланы қараусыз қалдыруы, бала денсаулығына бей-жай қарауы себеп болады. – дейді маман.

Тимур Еспентаев тәжірибесіндегі ерекше оқиғалармен бөлісті.

  • Осыдан 4-5 жыл бұрын болған оқиға. Жаз айы болатын. Қабылдауға әжесімен бірге 3 жасар бала келді. Әжесінің айтуынша баланың мұрыны тоқтамайды екен. Тіпті мұрын қалқандары айналасына жара шығыпты. Соңғы кездері сасық иістің шығатынын айтты. «Қай уақыттан бері мазалап жүр?»- деп сұрағанымда, бір ай уақыт өткенін айтты. Қарау кезінде мұрын қуысынан ыдыс жуатын губканың бөлшегін алып шықтым. Инфекция түсіп, іріңдеген екен. Енді кешіккенде ірің миына шауып арты өкінішпен аяқталар ма еді. Тәжірибемде моншақ, жеміс-жидектердің жапсырма қағазы, жейтін құрт, тиын, балық қылқаны, көбелек, қоңыз, сағат батарейкасы, ұсақ ойыншықтар кездесті. «Коллекцияма» сол күні ыдыс жуатын губка қосылды.

Сағат батарейкесы, губка дегенде еріксіз езу тартқан шығарсыз, құрметті оқырман. Бірден айтайық, бұл күлетін жағдай емес. Мәселен, ойын баласының аңдаусыз өшіргіш жұтып қоюы қайғылы оқиғаға себеп болған. Оқиға біздің ауданда орын алыпты:

4-5 жылдың шамасында шалғай ауылдардың бірінде қайғылы жағдай орын алды. Бір жарым жастағы сәби жерде жатқан өшіргішті тауып алып, ауызына салып жіберген. Өшіргіш кеңірдекке түсіп, тыныс жолдарын бітеп, жедел тыныс жетіспеушілігін тудырған. Нәтижесінде бала медициналық көмек келемін дегенше өмірден озды. Біздің кеңесіміз қайғылы жағдайлардың алдын – алуға себеп болса екен. Бала еліміздің — болашағы. Бала денсаулығы мен өмір қауіпсіздігіне бей — жай қарамайық! – дейді Сырым аудандық орталық ауруханасының дәрігер – хирургі Тимур Еспентаев.

Біз де осыны айтпақпыз.  Өмірдің қызығы – бала, балаға мұқият қара!

Дайындаған: Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ