3.02.2021, 11:55
Қараулар: 199
 » 
АЙШАҒА КӨМЕК ЖАЛҒАСУДА

АЙШАҒА КӨМЕК ЖАЛҒАСУДА

«Сырым елі» газетінің Айша Асылбекқызына көмек көрсетуге елді шақырған бастамасы қызу қолдау тапты. Айшаның жағдайын көрсетіп, еміне, Мәскеу қаласында жасалатын отасына халықтан көмек сұрау жайында мақала жазуды өтінген Айшаның жанашырының бірі, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанна Қыдырсихова болатын. Журналистердің үндеуіне әріптестері үн қосуда. «Орал өңірі» газетінің тілшісі, Фейсбук парақшасындағы «Оралдан не хабар?» тобының әкімшісі Нұртай Текебаев пост жариялап, ол облыс, республикадан қолдау тауып, халық асар жасап, Айшаға қаражат аударып жатыр.

Сырым елінің тумасы, «Ел және мұғалім» газетінің бас редакторы Жанбол Галиев те Айшаға көмек қолын созуды ұйғарыпты. Ол анасының Каспий Голд есепшотына өзі бастап 20 мың теңге салып, облыс педагогтарын Айшаға жәрдемдесуге жұмылдыруда. Жанбол Серікұлы Айшаның анасы Сымбат Жұмабаеваға қаржылай ғана емес, басқалай да көмек көрсететінін айтты. Ауданның көрікті жерлерінің суреттерінен жасалған күнтізбе сатып, оның қаржысын Айшаның анасының шотына аударған аудандық мәдени-демалыс орталығының жастар бөліміне, Есбол Ниетқалиевке Сымбат ханым үлкен алғысын білдіреді. Күнтізбеден 50 мыңдай қаржы түсіпті. Ауданымыздан шыққан атымтай жомарт Тілек Махметов әр аптаның жұма күнінде Айшаның дәрі-дәрмегіне, бинт, басқа да қажеттілігі үшін үзбей ақша аударып келеді. Айшаға үлкен күтім жасап, анасының оны аппақ қылып бағып отырғанын бұрын да айтқан едік. Ауданның жастары да Айшаның тағдыры үшін алаңдаулы. Нұр-Сұлтан қаласында оқитын қособалық студент Айкөркем Серікбай 100 мың теңгенің үстінде қаржы жинап, аударып жіберіпті. Аружан Байтасова да үйге арнайы келіп, ақша әкеліп берді. Осындай жанашырлардың көмегімен бүгінде Сымбат Жұмабаеваның есепшотына 1 млн. 600 теңге жиналды. Тағы да бір үлкен істі қолға алуға бекінген «Сырым елі» газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлына Сымбат Жұмабаева дән риза. Айта кетейік, Айшаның атаанасы тұрып жатқан үй өздерінің басыбайлы баспанасы емес. Олар Ершат Бақтыбаевтың пәтерінде тегін тұрып жатыр. Республикалық «Қарекет» қайырымдылық қорының облыстағы өкілі Демежан Меңдешов келіп, Айшаның халін біліп, тұрып жатқан пәтерінің жағдайын көріп кетті. Қолұшын созып жатқан барша жанға Сымбат ханым шексіз алғысын білдіріп, жақсылықтары өздеріне мың еселеніп қайтсын деген тілегін газет арқылы жеткізуді өтінді. Айшаға көмек қолын созам деушілерге Сымбат Жұмабаевның Каспий Голд нөмірі: 5169497162747962 және 87771810963.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА