25.11.2020, 14:42
Қараулар: 494
Бұрқырап бұлақ шығып жер астынан, Жымпитыға су келді Кеңащыдан!

Бұрқырап бұлақ шығып жер астынан, Жымпитыға су келді Кеңащыдан!

Сырым ауданында Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су кен орынынан сумен қамту құрылысы аяқталды. Кеше аудан орталығына салтанатты түрде су берілді. Шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

  • Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытында көптеген жұмыстар жасалып жатыр.

Биылдың өзінде Батыс Қазақстан облысында ауылдардың даму әлеуетін ашып, тұрмыс деңгейін арттыру үшін көп қаражат жұмсалды. Кеңащы су кен орынынан су тарту жобасы — осы мақсаттағы ауқымды жұмыстың бірі.

dav

Сумен қамту – сырымдық ағайынның биліктің алдына көптен бері қойып жүрген талабы. біздің мойынымыздағы аманат еді. Тұрғындардың көкейінде жүрген үлкен мәселенің шешілгеніне халықпен бірге біз де қуанып тұрмыз. Осы жобаның жүзеге асуын қолдаған ҚР Үкіметі мен ауылшаруашылық министрлігіне, су ресурстары комитетіне алғыс білдіремін.

Кеңащыдан тартылған 77 шақырымдық магистральді су құбыры біріншіден, Жымпиты және Өлеңті ауылдарындағы жаз айларындағы су қысымының азаюы мәселесін шешеді деп ойлаймын. Данилл нүктесі күніне 500 текше метр су өндіретін болса, халық тұтыну үшін бұдан екі есе артық мөлшерде су керек болды. Кеңащы су кен орыны күніне 2000 текше метр су өндіруге қауқарлы. Екіншіден, жоба әлі жалғасады. Жобаның келесі кезеңінде, территориясында су қоры жоқ тағы 5 елді мекенге құбыр тартылады. Құжаттар дайындалып, сараптамаға ұсынылды. – деді өңір басшысы.

Ғали Есқалиев сөзінде мына мәселеге де назар аударуды сұрады:

  • Суды үнемдеуге тиістіміз. Халыққа арналған таза суды мал суаруға пайдаланып жатамыз. Мүмкіндік болса, бөгеттерді қалпына келтіріп, жер асты су қорларын тауып, құдықтар қазып, мал суының мәселесін өз алдына бөлек шешуіміз керек. Ауыз суды малға беру — мемлекеттен бұрын, сол өңірдің өзіне үлкен зардап қой. Әрине, Кеңащы су кен орынының су қоры мол, дегенмен табиғат құбылыстары адамға бағынышты емес. Тіршілік нәрін рәсуә қылмай, мақсатты пайдаланайық. Үнемдемесек, су тапшылығы мәселесіне қайта тап боламыз.

Облыс басшысынан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов жерлестерін тарихи оқиғамен құттықтап:

  • Сырым ауданы үшін бүгін елеулі күн болды. Сапалы, таза, мол ауыз су келді. Ел біледі, бұған дейін ауыз судан таршылық көрмесек те, қиыншылық көрдік. Кеңащыдан келген су сол қиыншылықтан құтқарады деп ойлаймын. Әрине, мемлекет елге жағдай жасауға, тұрмыс деңгейін көтеруге міндетті. Десекте, әкім іскер болмай, іс жүрмейді. Осы жерде аудан тарихындағы ең ірі жобаны сәтті жүзеге асыруға жұмыстанған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің іскерлігін, Парламенттегі депутаттардың қолдауын атап өткім келеді. – деді.

Су сору станциясындағы салтанатты батырма басу рәсімін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Әнуарбек Ғалымовпен бірге жасады.

Құны 2 миллиард 157 миллионды құрайтын Жымпиты ауылын Кеңащы су кен орынынан сумен қамту жобасы аудан үшін «ғасыр жобасына» баланып отыр. Жобаны «Мелиориатор» ЖШС 10 айдың ішінде жүзеге асырды. 77 шақырымдық су құбырына қоса, 17 шақырымдық электр желісі жүргізілген. Жұмыстарға 60 адам тартылды. Соның ішінде, 15 жұмысшы жергілікті жерден алынған. Шынымен де, бұл жоба Сырым өңірі үшін өте игілікті болғалы тұр. Облыс әкімі айтқандай, Жымпиты мен Өлеңтіге жеткен су, келесі кезеңде 5 елді мекенге, атап айтсақ ауыз су тапшылығын сезініп отырған Шағырлай, Бұлан, Жамбыл, Жырақұдық, Қособа ауылдарына «аттанады». Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, 7 ауылға су жеткізу арқылы барлығы 10 000 адам таза ауыз сумен қамтылады. Бұл аудан халқының 50 пайызын құрайды.

«Қазэкологияжобалау» ЖШС бас инженері Людмила Лебедевадан судың сапасы туралы сұрадық:

  • Кеңащы су кен орынының басында 3 су ұңғымасы қазылған. Оның екеуі пайдаланылады. Біреуі қосалқы қор ретінде сақталады. Екі ұңғыма 1 сағатта 60 текше метр су өндіреді. Кеңащының суының құрамында темір көп. Өндірілген су екінші нүктедегі су сору станциясына келіп, толық тазартудан өтеді. Ауыз су сапасы барлық талаптарға жауап береді. – деді жобаның бас инженері.

****                     ****                     ****

Өңір басшысы салтанатты шарадан кейін, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының жұмысымен танысты. Аудандық қазынадан 38  миллион 80 мың теңге қаражат жұмсалып, орталық биыл күрделі жөндеуден өткен болатын. Орталықта 47 үйірме жұмыс жасайды. 28 педагог 950 баланы қызығушылықтары бойынша шығармашылық пен өнерге баулуда.

Директордың міндетін уақытша атқарушы Нұрбол Жәңгірхановтың айтуынша, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығында картинг үйірмесі ашылмақ. Шағын спорттық көліктерді құрастыру, оны басқару, жарысу аудан балалары үшін жаңа қызығушылық болмақ. Қазіргі таңда орталық карттардың қаңқаларын жинап, қосалқы бөлшектерін алдыруда. Алдағы уақытта жарыс жолақтары салынбақ. Бұл үйірме мекеменің табысын молайту мақсатында ақылы болуы мүмкін.

Шығармашылық орталықтың би залы жұмыс күнінің соңында фитнес – залға айналмақ. Фитнес залда дене сымбатын қадағалайтын, артық салмақтан арылуды қалайтын қыз – келіншектер кәсіби бишілердің ақылы сабақтарына қатысады.

Ғали Есқалиев бұл бастамаларды қолдады. Кейін орталықтағы қолөнер шеберлерінің көрмесін көріп, кейін сырымдық жас техниктер мен балғын шеберлердің сабақтарына қатысты. Жас ақындардың сыныбына кіріп, олардың Абайға арналған өлеңдерін тыңдады.

Шығармашылық орталықтың жаңа ғимаратында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев өңір басшысы Ғали Есқалиевке Сырым ауданында 2020 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Биыл Сырым ауданында инвестицияның жалпы көлемі артқан. Деңгейді республикалық және жергілік бюджеттен салынған инвестиция көтеріп тұр. 2020 жылы жеке қаржылар былтырғыға қарағанда аз түскен. Мәселен, 2019 жылы Сырым ауданына кәсіпкерлер 1 млрд 391 миллонның қаржысын салса, биылғы қаражат миллиардқа жетпейді. Инвестициялық жобалардың азаюына пандемияның да үлкен әсері болғаны анық.

Ауданда жұмыспен қамту ісіндегі кейбір көрсеткіштерде ілгерілеу бар. Ашылуы тиіс болған 387 жаңа жұмыс орынының 339 – ы ашылған. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша 63 жас жұмысқа орналасу керек болса, ол меже 76 – ға көбейген. 42 әлеуметтік жұмыс орыны ашылып, жоспар орындалған. Биыл ауданда 80 адам кәсіпкерлік бастамаларын баянды ету үшін «Бизнес — Бастау» бағдарламасы бойынша оқыған. 111 адам қайтарымсыз грант, 73 адам шағын несие алған. 16 кәсіптік оқытуға жолданған. 394 жанұяға 111, 9 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі көрсетілген. 172 жанұядағы 244 балаға 13,6 млн теңгенің кепілдендірілген әлеуметтік пакеті берілген.

Осы жылы Сырым ауданында аудандық бюджет арқылы құны 100 миллион теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асқан. 13 тұрақты, 71 уақытша жұмыс орыны ашылған. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы құны 6, 5 млрд теңге болатын 18 жоба жүзеге асу үстінде. Бұл жобалар 470 уақытша, 44 тұрақты жұмыс орынының ашылуына себеп болды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша 6 жоба орындалып, 18 адамға тұрақты жұмыс орынын ашуға мүмкіндік туды.

Сырым ауданында жолдарды жөндеу ісі жылма – жыл қарқын алып келеді. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Тоғанас ауылына дейінгі кірме жол мен Ақсай – Жымпиты бағытындағы автокөлік жолы жөнделуде. Алдағы жылдары Бұлан ауылына кіретін жолды, Жымпитыдағы О. Исаев пен Х. Есенжанов көшелерін асфальттау жоспарда бар.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев облыс әкімінің алдында Бұлан, Талдыбұлақ ауылдық округтерінің, Аралтөбе ауылдық округіне қарасты Қызылағаш ауылының ұялы байланысқа зәру екендігі жайлы мәселені көтерді.

Баяндаманы тыңдаған Ғали Есқалиев Төлеген Төреғалиевке Сырым ауданында өндірістік жобаларды көптеп қолға алуды тапсырды. Ал, ұялы байланыс мәселесіне қолдау білдіретінін айтты.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы